«Жүрек жылуы»: Ләйлә Сұлтанқызы оқушыға домбыра сыйлайтын болды

None
Фото: instagram.com/sultankyzy
АСТАНА. ҚазАқпарат – Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы «Жүрек жылуы» акциясын қолдап, 2-сынып оқушысына домбыра алып беретін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясына қолдау көрсетті. Әнуардың (Jibek Joly телеарнасы жаңалықтар қызметінің жүргізушісі) көмегімен таңдалған хаттың иесі 2-сынып оқушысы Алтынбектен келіпті. «Домбыра үйренгім келіп жүр, домбырам болса ғой, болғанын қалаймын» деп жазыпты. Міндетті түрде, Астанаға келгенде өзіңе үкілі домбыраны сыйлаймын, балақай!», - деп жазды танымал тележүргізуші Instagram-парақшасында.

Сонымен қатар ол қайырымдылық акция эстафетасын әріптесі Айгүл Мүкейге және белгілі каскадер Nomad Stunts тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинге жолдады.

«Баршаларыңызды қайырымдылық жасауға шақырамын!», - деді Ләйлә Сұлтанқызы.

Еске салайық, кеше EXPO қалашығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жүрек жылуы» челленджіне бастау беріп, балалардың хаттары салынған сандықтан олардың алғашқысын алып шыққан болатын. Мемлекет басшысы хатты оқып, оның иесінің тілегі орындалатынын жеткізді.

Кейін челлендж Jibek Joly телеарнасының студиясында жалғасын тапты.

Бүгін «жақсылық сандығынан» балалардың бірінің хатын MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев та алып шыққан болатын. Ол Альфия атты қыз балаға армандағанындай тек спорттық аяқ-киім емес, жүгіруге арналған киімнің түгел жиынтығын алып беруге уәде етті.


Соңғы жаңалықтар