Жүрек-қан тамырлары аурулары барлар COVID-19-ға қарсы екпе алуы керек - кардиолог

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық көп салалы аурухананың кардиологиялық блок жетекшісі Мақсат Құдраттоллаев жүрек-қан тамырлары ауруы барларға коронавирусқа қарсы екпе алуға кеңес береді. Өйткені қауіпті инфекция көп жағдайда тромбоздық асқынуларға алып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кардиолог дәрігер Мақсат Құдраттолаевтың айтуынша, жүрек-қан тамырлары аурулары негізінен жүре келе пайда болатын дерт. Сондықтан сырқаттардың басым бөлігі дерлік егде жастағы адамдар. Салдары ауыр дерт жеңіл өтуі үшін коронавирусқа қарсы вакцина алу міндетті.

«Кардиологиялық аурулары барларға коронавирусқа қарсы вакцина алуға болады. Екпе қойғызуға қарсы көрсетілім жоқ. Кей сырқаттарда коронавирустан кейін кардиологиялық аурулары асқынады. Сол себепті жасы 60-тан асқандар міндетті түрде вакцина қойдыруы қажет. Ал вакцина алмас бұрын кез-келген адам терапевтен өтуі керек. Кардиологиялық сырқаттар үнемі дәрі-дәрмек ішеді. Бізде есепте тұрғандар да дәрігерге көрініп, екпе алмас бұрын қандай дәрі-дәрмек қабылдайтынын айтуы қажет. Жағдайы жақсы болса вакцина қойдыруға рұқсат беріледі», - дейді облыстық көп салалы аурухананың кардиологиялық блок жетекшісі Мақсат Құдраттоллаев.

Қазіргі уақытта орталыққа жоспарлы түрде емделуге жататындар негізінен ПТР-тесттің қорытындысымен немесе вакцинация паспортымен келеді. Ал мәртебесі анықталмаған сырқаттар алдымен тексеруден өтеді.

«Ауыр халде, мәселен, инфаркт алып, жедел жәрдем қызметімен түсетін сырқаттар бар. Оларды қабылдау барысында бірден ПТР-тест аламыз. Мұндай сырқаттар мәртебесі анықталғанға дейін оқшаулау бөлімшесіне орналастырылады. Келесі күні тест нәтижесіне қарай ем-домды бастаймыз. Егер де жұқтырған болса, оның жағдайына қараймыз. Бұл уақытта кардиологиялық емдеу жүргізіле береді. Егер де жағдайы орташа немесе ауру жеңіл өтсе, өзімізде қалдырамыз. Коронавирустың асқынған түрі болса, инфекциялық стационарға ауыстырылады. Сырқатты сол жерде вирустан және кардиологиялық аурулардан қатар емдейді. КВИ-ды жұқтырмаған болса, онда бөлімшеге қабылданып, тиісті ем-дом қолданылады», - дейді кардиолог дәрігер.

Дәрігерлер ақпан айында алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы екпе алды. Қазір ревакцинацияның басталуын күтіп отыр. Өйткені вакцинаның әсері 6-9 айдан кейін төмендей бастайды екен.

«Қазір біз сырқаттарымызға вакцинациядан өту қажеттігін айтып жатырмыз, өйткені тәжірибе көрсеткендей, қауіпті инфекция жұқтырған науқастарымызда тромбоздық асқынулар жиі байқалады. КВИ жұқтырған орталыққа түсісімен-ақ біз алдымен осы тромбозбен күресті бастаймыз. Өйткені оның салдары ауыр. Қанның ұйығыштығы бұзылып, имплантталған стендтер, тағы да басқа қойылған құрылғылар бітеліп қалуы мүмкін. Сол себепті біз сырқаттарымызға вакцинацияның не үшін қажет екенін түсіндіреміз. Негізгі аурулары асқынып кетпеу үшін қажет, егер де жүрек-қан тамырлары ауруына коронавирус қосылатын болса, жағдай ушығып, соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Вакцинация өзімізді қорғау үшін керек. Коронавирус біздің өмірімізде болады, ол ешқайда кетпейді. Бізде оған ұжымдық иммунитет пайда болмайынша, қатер төндіре береді», - дейді Мақсат Құдраттолаев.


Соңғы жаңалықтар