Жұмыстар әлі бітпеген: Елорда әкімі биыл берілуі тиіс мектепке барды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов Иманов-Брусиловский көшелерінің қиылысында салынып жатқан мектепті 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімдік ақпаратына сәйкес, қазір оқу орнында ішкі әрлеу, батарея орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Кабинеттер мен асханаларға арналған жиһаз, спорт жабдықтары сатып алынған. Сумен жабдықтауға және электр энергиясына қосылуға рұқсат бар. Тек жұмыс қарқыны баяу жүріп жатыр. Алтай Көлгінов оқу жылының басында мектеп ашылуға дайын болуы керектігін тапсырды.

«Оқу жылының басталуына тоғыз күн қалды. Сіздің жұмысыңыз әлі де орындалмаған. Мектеп ауласы абаттандырылмаған, су мен жарық өткізілмеген. Жаңа мектептерді бір жылдан кейін күрделі жөндеу жүргізуге тура келмейтіндей етіп салу керек. Қазіргі таңда ескі мектептер жаңалары сияқты жөндеуді қажет етпейді. Шатырға ерекше көңіл бөліңіз. Жаңбыр маусымы басталады. Оқу орнында балалар өздерін қауіпсіз және жайлы сезінуі тиіс», - деді ол.

Білім мекемесі 900 орынға есептелген.

Елордада биылғы оқу жылында 3 жаңа мектеп пен 5 қосалқы құрылыс ашылады.

А.Көлгінов өткен аптада «Мичурин» тұрғын алабында орналасқан мектепке барған болатын. Оның ашылуы екінші тоқсанға жоспарланып отыр.

Жалпы бес жылдың ішінде 37 жаңа мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, инвесторлар елордада 11 жекеменшік мектеп салуға мүдделі. Инвестиция сомасы 27,6 млрд теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар