Жұмыстан қуылған ақтөбелік полицейлер Бас прокуратурадан араша сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы Елек полиция бөлімінің бастығы, орынбасарлары, тергеу бөлімі бастығының орынбасары, бірнеше тергеуші бір жыл бұрын жұмыстан шығарылды. Енді олар заңсыз жұмыстан шығарылғандарын айтып, Бас прокуратурадан араша сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2016 жылдың сәуір айындағы қызметтік тексеруден соң бір мезетті 150 полиция қызметкерінен тұратын Елек полиция бөлімінде 9 адам жұмыстан шығарылды. Олардың арасында Елек полиция бөлімінің бастығы Ербол Исмурзин, тергеу бөлімі бастығының орынбасары Манас Суйесов пен тағы 7 қызметкер бар. Барлығы 4 бастық мен төрт тергеуші жұмыстан шығарылды.

«Өткен жылдың сәуір айында облыстық Ішкі істер департаментінің Елек полиция бөлімінде күдікті тұлғалары бар істер бойынша сот алды тергеу мерзімін бұзу фактісіне қатысты қызметтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде Елек полиция бөлімінің жедел қызметіндегі олқылықтар үшін бөлім бастығы мен бірнеше қызметкерге қатысты ішкі істер органындағы қызметінен босату туралы тәртіптік жаза қолданылды. Олар сотқа шығымданды. Сот азаматтардың арызын қанағаттандырған жоқ», - деді ІІД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Нұргүл Қонақбаева.
null  

Бүгінге дейін аппеляциялық, кассациялық соттарға шағым түсіріп, барлық сатыда жеңіліп қалған бұрынғы полиция қызметкерлері Бас прокуратурадан араша сұрап отыр.

«2016 жылы генерал Махсудхан Аблазимовтың (Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы - ред.) бұйырығымен Елек полиция бөлімінің бастығы, екі орынбасары, екі бөлім бастығының орынбасары, төрт тергеуші жұмыстан шығарылды. Оның бәрі негізсіз деп айтамыз. Тек бізді жұмыстан шығарып, өзгелері жұмыс орындарын сақтап қалды. Бұл әділетсіздік. Мен жоғары оқу орнын бітіріп, магистратураны тәмамдадым. 2015 жылдың қаңтар айында аттестациядан өтіп, 2016 жылдың сәуірінде жұмыстан шығарылдым»,- деді бұрынғы Елек полиция бөлімінің бастығы Ербол Исмурзин.

18 жылдық еңбек өтілі бар, әке жолын қуып, тергеуші болған Манас Суесов  та бір жылдан бері жұмыссыз жүр.
null 

«Біз Ішкі істер министрлігіне арыз жазған кезде, қылмыстық істер бойынша адамдарды жауапқа тартпады, қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеу уақытын ұзартты деп жауап келді. Ондай болмады. Қылмыстық істердің кейбірі қысқартылды, кейбірі бойынша тергеу жүріп жатты. Мен 18 жыл бойы тергеуші болып жұмыс істедім. Қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде тергеуші болдым, бөлім бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Менің қарамағымдағы тергеушілер қателесті, мен жазаландым. Ал екі бірдей орынбасары мұнай ұрлығы фактісі бойынша күдікке ілігіп, қамауға алынған соң, генерал Махсудхан Аблазимов неге жауапкершілікке тартылмайды?  Ол неге жауап бермейді? Заң бәріне ортақ емес пе?» - деді Елек полиция бөліміндегі тергеу бөлімі бастығының орынбасары болған Манас Суесов. 

Полиция қызметкерлері бір жыл бойы сотқа шағым түсіріп, екі апта бұрын олар жұмысқа қайта орналасу үмітінен айырылған. Олардың ата-аналары да Ішкі істер министрлігіне арыз жазған. Бәрі «заңды жұмыстан шығарылды» деп отыр. Амалы таусылған бұрынғы полиция қызметкерлері бүгін Бас прокуратура мен Президентке арыз жазып, көмек сұрайтындарын жеткізді.

«Мен «20 жыл мінсіз қызмет еткені үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Бірер айдан соң жұмыстан шығарды. Бұл әділетсіз. Мен қайта жұмысқа тұрғым келеді», - деді Манас Суесов.

Айта кетейік, Елек полиция бөлімінің 9 қызметкеріне қатысты өткен жылдың сәуір айында Қылмыстық кодекстің «Қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша іс қозғалып, кейін Қылмыстық-процестік кодекстегі «Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар» бабының «іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы» тармағы бойынша қылмыстық іс қысқартылды. 

Соңғы жаңалықтар