Жұмыссыздарға арналған мобильдік қосымша іске қосылады - министр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Елімізде 25 мыңнан астам адам электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналасты. Алдағы уақытта мобильдік қосымша іске қосылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Ақтөбеде өткен халықаралық форумда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық форум кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Президенттің "Бес әлеуметтік бастамасына" тоқталды.

«Президентің Бес әлеуметтік бастамасында шағын несие беру туралы айтылған. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға ғана емес, ауыл халқының әлеуметтік ахуалын арттыруға арналған бастама. Әрбір қазақстандық, ауыл тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігін пайдалана алады. Бастаманы іске асыруға Үкімет қосымша 20 миллиард теңге бөлетін болды. Ақтөбе облысына 2 миллиард беріледі. Қосымша жұмыс орындары да ашылады. Әрбір шағын несие 5-10 адамға жұмыс тауып берсе, бұл халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді»,- деді министр.

Еліміз бойынша шағын және орта кәсіппен айналысуды қалайтын кез келген адам алдымен «Бизнес бастау» жобасына жүгіне алады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы қолға алынған жоба аясында алдымен адамдар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Кейін бизнес жоспар дайындап, шағын несие алуға сұраныс береді. Халықаралық форум кезінде министр Мәдина Әбілқасымова әлеуметтік кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлесі зор екенін жеткізді.

«Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға барлық жағдай жасалған. Бизнестегі әйелдердің үлесі 50 пайызды құрайды. Шағын және орта бизнес иелерінің 40 пайызы әйелдер. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында да көп іс атқарылып жатыр. Биыл еліміз бойынша 570 мың адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі кезде электронды еңбек биржасы іске асырылып жатыр. Жұмыспен қамту орталықтары мен 43 жеке жұмыспен қамту агенттігі, бес интернет кеңістігі жұмыс орындарын ұсынды. Барлығы 73 мыңнан астам жұмыс орны бар. 25 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Алдағы уақытта мобильдік қосымша іске қосылады»,- деді Мәдина Әбілқасымова.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында халықаралық әлеуметтік кәсіпкерлік форумы өтіп жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Ақтөбеде құны 29 миллиард теңгенің 33 әлеуметтік жобасы іске асырылады. 

Соңғы жаңалықтар