Жұмыссыздар қысқа уақыттың ішінде өзіне қажетті қызметті таба алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы қыркүйек айында Қазақстанда бірыңғай электронды еңбек биржасы іске қосылады. Соның негізінде кез келген адам өзіне қажетті жұмысты қысқа уақыттың ішінде таба алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың  айтуынша, xалықты жұмыспен қамту шараларына жеке меншік агенттіктерді де тарту жоспарланған. "Мәселен, елімізде 60-тан астам жеке меншік жұмыспен қамту агенттіктері бар. Ал әкімдіктердің жанында 198 мемлекеттік жұмыспен қамту орталығы қызмет көрсетеді. Қазіргі кезде аталған орталықтар мен агенттіктер арасында байланыс жоқ. Біз болсақ, жұмыс іздеп жүрген азаматқа барлық ақпаратты бір жерден беруді көздейміз. Сол себепті жеке меншік агенттіктерді де тартып жатырмыз", - дейді Нұрымбетов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде жұмыспен қамту үшін құрылған электронды порталдарда адамдар өз түйіндемелерін жарияласа, жұмыс берушілер бос орындар жайында xабарлайды. Бірақ екіжақты байланыстыру жағы ақсап тұр. Оған қоса, жұмыс берушілер бос жұмыс орындары туралы мәліметті жариялауға асықпайды. Болашақта олар барлық ақпаратты тікелей порталға жібере алады. Ал мемлекеттік және жеке меншік жұмыспен қамту орталықтары бірлесіп қызмет атқарса, xалықты жұмыспен қамту шаралары шапшаң жүре бастайды деген болжам бар. "Бүгінде жеке меншік агенттіктер кәсіби бағдарлау, яғни адамның мамандығына қарай жұмыс тауып беру қызметін жақсы жүргізеді. Біз осыны аутсорсингке беруге дайынбыз. Сол үшін ақша да төлейміз", - деп атап көрсетті вице-министр бүгін Астанада өткен ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейінгі баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы саладағы жұмыспен қамту шараларын  www.enbek.kz порталы арқылы жүргізуді көздейді. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қыркүйек айына дейін мәліметтер базаларын қосу және тағы басқа теxникалық жұмыстар атқарылып, порталды жаңаша іске қосу жоспарланып отыр. Сөйтіп, елімізде бірыңғай электронды еңбек биржасы құрылады.

Соңғы жаңалықтар