Жұмыссыздар арасында қылмыс өршіп тұр
Ведомство мәліметінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығында тергелген қылмыстық құқық бұзушылықтардан жалпы республика бойынша материалдық залалдың белгіленген сомасы – 194257,8 млн теңге. Оның ішінде 14,3 пайызы – экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар, 67,2 пайызы – меншікке қарсы қылмыстық заң бұзушылықтар.
«Республиканың құқық қорғау органдары қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған 30 949 адамды (2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 2,4 пайыз аз) анықтады. Қылмыстық жауапкершілікке 15 856 адам тартылды. Бұл – 2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 7,7% аз. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны анықталған адамдар санының 12,8 пайызын – әйелдер (2021 жылғы тиісті кезеңде – 13,4%), 2,3 пайызын – кәмелетке толмағандар (2,1%), 1,7 пайызын – мемлекеттік функцияларды атқарушылар (1,8%) құрады. Бұрын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың үлес салмағы – 29,4 пайыз (35,7%) болды», - деп атап өтеді бюродан.
Қазақстан бойынша орташа алғанда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған әрбір жетінші адам мас күйінде болған. Әрбір сегізінші адам қылмысты топ құрамында жасаған. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталғандардың ең көп бөлігі жұмыссыздар – 79 пайыз (2021 жылғы қаңтар-маусымда – 79,7%).