Жұмыссыз адам қандай көмекке арқа сүйей алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жұмыссыз адам қандай көмекке арқа сүйей алады? Бұл сауалға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысыз қалған азаматтарды қолдаудың бірқатар іс-шарасын әзірлеген. Атап айтқанда, жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қолданыста. Екінші бағыт қоғамдық жұмыстарды қамтиды. Үшіншісі – жұмыс орнын субсидиялау. Сонымен қатар қысқамерзімді курстарды қамтитын «Бастау бизнес» бағдарламасы да оң нәтиже көрсетіп отыр.

«Жұмыссыз мәртебесі eGov-тегі жеке кабинетте көрініп тұрады және ведомство бірден кешенді іс-шаралар қабылдайды. Жұмыспен қамту орталығы есепке алады және жәрдем көрсетудің түрлі нұсқаларын, мамандығы бойынша жұмыс ұсынады. Егер адам оқудан өтуге дайын болса, онда қысқа мерзімді курсқа жіберіледі немесе өзге де іс-шаралар көрсетілуі мүмкін. Мәселен, қысқа мерзімді курстан өтіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге болады», - деді ол.

Осы ретте вице-министр қысқа мерзімді курста оқытудың екі бағыты бар екендігін айтады.

«Бірінші бағыт – «Бастау бизнес» бағдарламасы. Бұл бағдарлама адамдар өздерінің бизнес бастамаларын жүзеге асыра алуы үшін жасалған. Ол үшін ең алдымен жұмыссыз болу қажет. Екіншіден, өтінім беру арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша қысқа мерзімді курстан өтуі тиіс. Олар бірнеше айдың ішінде маркетинг, макроэкономика, баға қалыптастыру сынды 12 модульден тұратын курстан өтеді. Яғни, экономиканың барлық қыр-сырын үйренеді. Содан кейін білім алушы жаттықтырушымен бірге бизнес-жоспар әзірлейді. Бизнес жоспарын қорғағаннан кейін ол тапсырған бизнес жобасы бойынша қайтарымсыз грант алуға үміткер бола алады», - деді Ержан Біржанов.

Оның дерегінше, биыл 20 мың грант беру көзделіп отыр. Әрбір грантқа берілетін сома 600 мың теңгені құрайды. Осы жылдың 7 айының қорытындысына сәйкес, гранттардың жартысынан көбі бөлініп, 13 мың қазақстандық өз бинесін ашты.

Сонымен қатар ол екінші бағыт колледждерде 2 жыл бойы қысқа мерзімді бағдарламамен оқу екендігін айтады.

«Бұл бағыт жұмыс берушінің, қазір нарыққа не қажеттілігі ескеріле отырып әзірленеді. Мәселен, ең алдымен қазіргі уақытта құрылыс саласы қарқынды жүріп жатыр. Барлық жерге дәнекерлеуші, монтаждаушы қажет. Осы мамандықтар бойынша оқытамыз. Білім алан адамдар тиісті ұйымдарға жіберіледі. Бүгінде құрылыс мамандықтарына сұраныс жоғары. Құрылыста қажеттілік жоғары. Сондықтан біз нарық қажеттілігінен бағдар алып отырамыз», - деді ол.

Вице-министр қолдау іс-шараларының тағы бірі қоғамдық жұмысқа тарту екендігін айтады. Мұндай жұмысқа тартылған азаматтарды ең төменгі жалақы төленеді.


Соңғы жаңалықтар