Жұмысшыларға миллиондаған қарызы бар инвестор шетел асып кетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде хром зауытының құрылыс жұмыстарымен айналысқан «Шафт Синкерс» ЖШС жұмысшыларына 110 миллион теңге берешек. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы екі рет тексеру жүргізіп, компанияға 800 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы, Хромтау ауданындағы 100-ден астам жұмысшы 6 айдан бері жалақы алмаған. «Шафт Синкерс» ЖШС-ы оларға 110 миллион теңге берешек. Бас директоры 70 миллион теңге қарызды қайтара алмай отыр. Ресейлік инвестор «ҚазХром» ТҰК» АҚ-на тиесілі шахтаның құрылысын өз міндетіне алғанымен, жұмысты аяқтамаған. Жұмысшылардың мәселесімен танысқан облыстық еңбек инспекциясы басқармасы екі рет тексеру жүргізіп, ескерту берді. Қазір іс сотқа түсіп, жұмысшылар еңбекақысын сот арқылы даулап жатыр.

«Бұл компанияның проблемасы 2016 жылдың тамыз айында басталды. Хромтау аудандық прокуратурасы мен еңбек инспекциясы басқармасы бірлесе жұмыс істеп, екі рет тексеру жүргізді. Еңбек қатынастарының талаптарын бұзып, жұмысшыларына уақытылы жалақы төлемеген компанияға 800 мың теңге айыппұл салынды. Қазір іс сотқа жетіп, азаматтық шағым қарала бастады»,- деді облыстық еңбек инспекция басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.

2014 жылы жұмысқа орналасып, екі жыл бойы еш қиындық көрмеген газ-электр дәнекерлеуші Павел Сажин соңғы алты айда ішерге тамақ таппай отыр. Ол бір өзінің 830 мың теңге айлығы тимегенін мәлім етті.

«2016 жылдың тамыз айынан бастап еңбекақы алғанымыз жоқ. Олар күнде ертең деп алдап, қаңтарға дейін уәде беріп келді. Шыдамымыз таусылған соң аудандық прокуратураға арыз жазып, тергеу жұмыстары басталып кетті. Көп адамның несиесі бар, тіпті пәтер жалдап тұрады. Мен қазір пәтердемін, ақша төлей алмай отырмын. Өте қиын. Жергілікті әкімдік жұмыс ұсына қойған жоқ. Өзім іздеуге кірістім»,- деді П.Сажин.

«Шафт Синкерс» ЖШС-ның құрылтайшысы Қазақстан аумағында жоқ, ол Ресей асып кеткен. Ал жеке сот орындаушылары компания мүлкін бағалауға кірісті. Алдағы уақытта мүлік сатылып, қаржы жұмысшылардың еңбекақы қарызын өтеуге жұмсалады.

Соңғы жаңалықтар