Жұмысшылардың қауіпсіздігі – басты назарда - Мағзұм Мырзағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Ақтау қаласында еншілес және тәуелді ұйымдар (ЕТҰ) басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорын басшыларының атқарған қызметі мен жұмыс жоспары туралы баяндамаларын тыңдап, ерекше назарға алатын мәселелерге тоқталды. Әуелі «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығына жыл соңына дейін мұнайды өндіру және тапсыру жоспарының толыққанды орындалуын қамтамасыз ету жүктелді.

Бұл басқосуда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендету мәселелері ерекше назарға алынды. Мағзұм Мырзағалиев мұның еншілес кәсіпорындардың басшылары үшін басты міндет екенін айта отырып, мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында «Қазмұнайгаз» ҰҚ Басқарма төрағасы еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде кездесіп тұру керектігін баса айтты. Басты міндет – еңбек заңнамасының қатаң сақталуы.

«Бұл – жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да ортақ талап. Еңбек тәртібіндегі олқылықтар мен ереже бұзушылықтарды тежеп, жауапты басшылар тарапынан бұл мәселеге салғырт қарауға жол бермеу қажет», - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Жиын барысында «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығына өндіріс орындарындағы электр энергиясының апаттық ажырату мәселесін жуық арада шешу міндеттелді. Бұл - межеленген жоспарлық көрсеткіштерге жетуге зор ықпалын тигізетін маңызды факторлардың бірі екені ескертілді.


Мырзағалиев жаңа ұңғымаларды бұрғылау процесін жақсарту мен мұнай алу коэффициентін арттыру үшін ғылыми институттарға жүгіну және заманауи ғылыми-өндірістік әдістерді қолдану қажеттігіне де тоқталды.

Басқарма төрағасы Қаражанбас кен орнындағы су тұщыту зауытын пайдалануға беру мерзімін кешіктіру мәселесіне мән берді. Зауытты іске қосу жұмысы жеделдетілуі тиіс.

Жиын соңында Мағзұм Мырзағалиев барлық еншілес және тәуелді ұйым басшыларына бір көзден сатып алу көлемін азайту мәселесін қолға алу керектігін айтты.


Соңғы жаңалықтар