Жұмысшылар құқығын шектейтін заңнамалық актілерге мораторий жариялау ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқығын шектейтін заңнамалық актілерге мораторий жариялау керек. Бұл туралы бүгін еңбек қатынастарын реттеу жайы қаралған Үкімет отырысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде қарыздық еңбекті қолдану жұмысшылардың еңбек құқығының бұзылуына және еңбеккерлердің наразылығының туындауына әкеп соқтырады. Өйткені, бұл мәселе заңмен реттелмеген. Бір сөзбен айтқанда құлдықтың бір түрі. Таяуда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты қарыздық еңбекті реттеу жөнінде заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл жоба еңбеккерлерді толғандырып отырған нақты мәселелерді шешуге бағытталған. Сіздерден депутаттардың бұл бастамасын қолдауды және жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқығын шектейтін заңнамалық актілерге мораторий жариялау мүмкіндігін қарастыруларыңызды сұраймыз», - деді Б.Әбдірайым.

Сонымен қатар ол өнеркәсіптік жарақаттанушылық мөлшерінің біршама төмендегеніне қарамастан, еңбекті қорғау саласындағы жағдай күрделі болып отырғанына назар аудартты.

«Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша, әлемде өндірістік жарақаттану - жүрек ауруы мен онкологиядан кейінгі үшінші орында тұр. Біздің еліміздегі статистика да өкінішке орай жақсы емес. Сондықтан Еңбек министрлігі ұсынған шараларды қолдауды және еңбек қауіпсіздігін жақсы қамтамасыз еткен кәсіпорындарды ынталандыру жолдарын әзірлеуді ұсынамыз. Осы бағытта Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше - дамыған мемлекеттер қолданып отырған «Vision Zero» - «нөлдік жарақаттанушылық» тәжірибесін зерделеп, қолданысқа енгізу қажет», - деді федерация төрағасы.

Соңғы жаңалықтар