Жұмыспен қамтудың жол картасы: Жетісайда 200-ге жуық жұмыс орны ашылады

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Жетісай ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 65 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 662 999 мың теңге қаралған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Осы арқылы 182 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 124 адам екі қолға бір күрек тапқан. Жұмысқа орналасқан азаматтардың ең төменгі жалақысы - 85 мың теңге.

Бүгінде 65 жобаның құрылыс жұмыстары басталса, оның 25-сі аяқталып, жоспар 61,2 пайызға орындалып отыр.

Пайдалануға берілген 25 жобаның 22-сі әлеуметтік, мәдениет және білім салаларына қатысты нысандарға жатады. Онда ғимараттардың ішкі санитарлық жүйелері жөнделіп, унитаздар ауыстырылған және 2431 шақырым жерге аяқжол төселген.

Қалған 3 нысан инженерлік-көлік инфрақұрылымына жатады. Яғни, кентішілік және ауылішілік жолдар қайта жөндеуден өткізілді.

Айта кетейік, мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс істеп жатқан мердігерлер карантин режиміне байланысты тиісті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, қызметкерлерді жеке қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз еткен.


Соңғы жаңалықтар