Жұмыспен қамтудың жол картасы: ШҚО Жарма ауданында 174 жұмыс орны ашылады

None
None
ШАР. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында бірқатар жоба жүзеге асырылуда.

Мәселен Шар қаласының әлеуметтік әлеуетін көтеру бағытында биыл бірнеше жоба қолға алынды. Атап айтатын болсақ, қалада мемлекеттік бағдарлама негізінде хоккей қорапшасы салынып, қолданысқа берілді.

Сонымен қатар Амангелді көшесіне жарық тартылды. Карелин көшесінің тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Қабанбай көшесіне орташа жөндеу жасалады. Бұдан бөлек, спорт кешені құрылысы да аяқталу алдында тұр.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мердігер ұйым Қаратөбе ауылдық округіндегі Қалматаев атындағы орта мектебінде оқушыларға тиісті жағдай жасау мақсатында санитарлық тораптарды орнату бойынша тағы бір нысанды аяқтап, қолданысқа берді.

Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин жобалық жұмыстарға сәйкес жұмыссыздарды еңбекпен қамту ісіне оң ықпалын тигізгендігін айтады.

- Жарма ауданында биыл жалпы құны 655848,0 мың теңгені құрайтын 25 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 4 облыстық жоба, 21 аудандық жоба екенін айта кеткен орынды. Оған аймақ басшысы Даниал Ахметов қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс жоспарына сәйкес құрылатын жұмыс орындар саны 174 болса, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 93 адамды еңбекке тарту көзделген болатын. Бүгінгі таңда орталық арқылы жұмысқа жұмылдырылған азаматтардың саны 100-ге жетіп отыр. Бағдарламаның басымдығына сәйкес оның 36-сын жастар құрайды,-дейді өңір басшысы.

«Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында аудандық жол қатынасына да ерекше мән берілген екен. Аталмыш бағдарлама бойынша аудандық бюджет қаражаты есебінен аудан орталығының Боранбай би және Келденов көшелеріне көше жарықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда бақандар орнату, электр желілерін тарту, шамдарды орнату сынды жұмыстар толықтай аяқталып, жалпы жұмыс көлемі 75 пайызға орындалған. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар келісімшартқа сәйкес шілде айының соңында аяқталуы тиіс.

Екі жоба аясында төрт адам еңбекке тартылып, оның екеуі аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан.

Жарма ауданында қалыптасқан жобалық жұмыстарды толық жүзеге асыра отырып, еңбекпен қамтылғандардың қатарын арттыруға ынталы.

Бұл мемлекеттік бағдарламаның маңызын арттыра түсетіндігін көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар