Жұмыспен қамтудың жол картасы: Елордада 15 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында қазір Нұр-Сұлтан қаласында 15 572 адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 7 910 адам - халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы екі қолға бір күрек тапқандар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол картасымен жұмысқа орналасқандар: құрылысшы, сантехник, дәнекерлеуші, клинингтік қызмет көрсетушілер, ауыр жүк көліктері мен кран жүргізушілері, жол жөндеуші,аспаз, есепші, бетоншы,техникалық сатып алулар бойынша маман, инженер, электр маманы. Бағдарлама аясында мектептер, ауруханалар, құрылысы тоқтап тұрған көп қабатты тұрғын үйлер жөнделіп, инженерлік-көлік инфрақұрылымдарға күрделі орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, көгалдандыру абаттандыру бойынша құрылыс саласына қатысты бос жұмыс орындары ұсынылады», - дейді Жұмыспен қамту орталығы.

Биыл елордада 151 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 45 жоба бойынша жұмыс аяқталды.

Осы жобаларды жүзеге асырған мердігер мекемелерде 1 469 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

«Нұр-Сұлтан қаласы жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасын жүзеге асыруда биыл жоғары нәтиже көрсетті. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезінде айтылды. Сондай-ақ, Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасының келесі жылға арналған жобасы 1 желтоқсанға дейін әзірленуі тиіс. Оны Ұлттық Банк пен Үкімет бірлесе жүзеге асырады», - деп атап өтті Жұмыспен қамту орталығы.

Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасына қатысушылар 85 000-250 000 теңге көлеміне жалақы алады. Ол жұмыскердің қызметі мен атқарған жұмысына қарай бекітіледі.

Жол картасы бойынша бос жұмыс орындары туралы мәліметтер enbek.kz порталында жарияланады.

Халықты жұмыспен қамту орталығы Бейбітшілік көшесі,25 мекенжайында орналасқан.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» туралы мәліметті 7(7172)57 89 37, 57-88-89, 24-83-02, 8 777 116 82 73 нөміріне хабарласып білуге болады.


Соңғы жаңалықтар