Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде орташа жалақысы 91 мың теңге болатын 7,8 мың жұмыс орны құрылды, деп ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыспен қамтудың жол картасы жобалары мынадай 4 негізгі бағытқа бөлінген: Халықтың өмір сүру сапасын арттыру; ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру; агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; өңірлерде бизнесті дамыту.

Қазіргі уақытта 175 инфрақұрылымдық жобада құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр, тағы 25-і іске асырудың бастапқы кезеңінде тұр.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы барлық бағыт бойынша 40,9 мың жұмыс орны құрылады, оның 28,3 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары болады.

Жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына бару арқылы Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатыса алады.

Халықты жұмыспен қамту орталықтары уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар ретінде тіркелгендер, сондай-ақ жұмыстан босатылатын адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдар, студенттер қатарынан қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктейді және оларды инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын жұмыс беруші-мердігерге жібереді.

ХЖҚО арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыру кезінде жұмыссыз жастарға, NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда студенттерге басымдық беріледі.

ХЖҚО қажет болған жағдайда инфрақұрылымдық жобаға жұмысқа орналастыруға кепілдік бере отырып, тиісті жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші-мердігердің/қосалқы мердігердің өтінімдері бойынша кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді.

ХЖҚО бағыттары бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақы мөлшері салықтарды, әлеуметтік төлемдерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, ең төменгі жалақының кемінде екі мөлшері (83 мың теңге) деңгейінде белгіленеді.


Соңғы жаңалықтар