Жұмыспен қамтудың жол картасы: Алатау ауданында 15 жоба жүзеге асып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алатау ауданының әкімі экономикалық-әлеуметтік дамудың 9 айдағы көрсеткіштері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 15 жоба жүзеге асырылып жатыр.

«15 жобаға 2 млрд 800 млн ақша бөлінген. Бұл қаражаттың барлығы игерілді. Атап айтқанда, екі жасыл аймақ, 5 сквер, 5 жаяу жүргін аймағы, 22аула, 18 балабақша жөнелді. Осы жобалардың арқасында 2070 адам жұмыспен қамтылды. Әсіресе, халық арасында «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша белсенділік өте жоғары. Бізде былтыр 3 жоба таңдалған болатын. Биыл 119 жоба ұсынылып отыр. Былтыр 3 жобаға 200 млн теңге бөлінсе, биыл барлық жобаларды жүзеге асыруға 800 млн теңге қаражат қарастырылып отыр», - дейді аудан әкімі Азамат Қалдыбеков.

«Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында «Шаңырақ-1» шағын ауданында балалар ойын алаңын салуға ЖСҚ әзірленді. Қазіргі уақытта ведомстводан тыс сараптама жүргізу үшін құжаттар дайындалып жатыр.

Сондай-ақ, Қарасу шағын ауданында Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткішке күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, ЖСҚ әзірлеу мерзімі 2020 жылғы 15 қарашаға жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Ақбұлақ шағын ауданында жасанды жабыны бар футбол алаңының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, ЖСҚ әзірлеу мерзімі 2020 жылдың 15 қарашасына жоспарланып отыр.

Биыл ауданда 930 жер учаскесін заңдастыру мәселесі толық шешілмеген болатын. Осы орайда, қала Басшысының тапсырмасымен 734 жер уческесі заңдастырылды. Қалған учаскелер Су кодексіне өзгерістер енгізілгеннен кейін шешілетін болады.

Әкімнің айтуынша, 13 шағын ауданда жаңа жол құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде былтыр 4,2 млрд теңгеге ұзындығы 32,7 шақырым болатын 4 шағын ауданда құрылыс жұмыстары аяқталды.

«Қалған шағын аудандар бойынша 8 млрд теңгеге 75,5 шақырым жол құрылысын толық аяқтау биыл жыл соңына дейін жоспарланған. Ауданда жыл басынан сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы жүргізіліп келеді. Шапағат, Қарасу, Алғабас (магистральдық желілер), Өжет, Самғау, Ақбұлақ, Боралдай шағын аудандарында (магистральдық желілер) жалпы ұзындығы 199 шақырым желі жүргізілуде. Оған 12 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде су – 108 шақырым, кәріз - 91 шақырым.2020 жылы Алматы қаласының энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы Әйгерім-1, Алғабас (тарату желілері), Шаңырақ-1, Теректі шағын аудандарында су құбыры 146,7 км, кәріз құбыры 153,4 км кәріз желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. Мемлекеттік-жекелік серіктестік аясында аумақта 7800 орындық 5 мектептің құрылысы басталды. «Саялы» шағынауданында 1800 орындық, Томирис, Нұркент, Дархан, Рахат-Мәдениет шағын аудандарында 1500 орынға арналған мектептердің құрылысы жүргізілуде», - деді әкім.

2020 жылғы қаңтар-тамызда Алатау ауданында негізгі капиталға салынған инвестициялар 84,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 167,7% құрады.

Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындарында 2 499 жаңа жұмыс орны құрылды.

Соңғы жаңалықтар