Жұмыспен қамту жол картасы: ШҚО-да биыл 812 жоба мәреге жетпек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 812 жоба мәресіне жетпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалық етуімен өткен жиын барысында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланып, осы жылғы жоспардың нәтижесі қаралды. Бүгінде облыста аталмыш бағдарлама аясында 479 әлеуметтік маңыздағы нысан, 87 шақырым су құбыры желілері, 238 шақырым жол мен көшелер жөнделіп, 79 аула абаттандырылды. Сонымен қатар Шемонаихадағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Семей қаласындағы онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы, аудандарда екіпәтерлі тұрғын үй құрылыстары аяқталуда.

«Өкінішке қарай, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар жоспарларға түзетулер енгізуге тура келді. Дегенмен биыл облыста әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отыр. Өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуға, олардың заманға сай инфрақұрылымы бар аймақта өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Жобалар жоспарлы мерзімінде межесіне жетуі тиіс», - деді Даниал Ахметов.

Осы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарлама аясында облыста 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. 77,4 млрд теңгеге 819 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Ай соңына дейін жоспарлы 28 жоба аяқталмақ. Нәтижесінде биыл 812 жоба мәресіне жетеді, қалған жетеуі келер жылға өтеді. Бұл жыл көлемінде жоспарланған жұмыстардың 99,1 пайызын құрап отыр.


Соңғы жаңалықтар