Жұмыспен қамту жол картасы: Биыл елордада 15 мың жұмыс орны ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов COVID-19-ға қарсы шараларды күшейту, жұмыс орындарын құру, ШОБ қолдау, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша жобаларды жүзеге асыру, қазынашылық вексельдер үлесін арттыру және елорданың басқа да мәселелері туралы қала активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылып, Мемлекет басшысының кеңейтілген отырыста айтылған бағыттары бойынша тапсырмалар берілді.
Алтай Көлгінов Covid-19 індетінің таралуын болдырмау жөніндегі уақтылы шараларды жүзеге асыру, науқастарға тиісті көмек көрсету, медицина қызметкерлерін қолдау және дәріханаларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жандандыру қажетін атап өтті.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша бірінші жартыжылдықта оң динамика байқалады.
Қала әкімдігі шетелдік инвестицияларды тарту және оларға жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Биыл бірінші жартыжылдықтағы инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105%-ға өсіп, 377 млрд теңгеге жетті.

Нұр-Сұлтан әкімі әкімшілік кедергілерді алып тастап, жоғары технологиялық жобаларды қолдау қажет екенін атап өтті. Мысалы, қолдауға ие жобалардың ішінде лифттер, құрылыс материалдары, полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттар, жиһаз шығаратын фабрика, көтерме сауда орталықтарын, әлеуметтік нысандар салу және т.б. тұрғындар мен қала үшін қажет жобалар бар.
Жұмыспен қамтуға қолдау көрсетілуде – тек осы жылдың өзінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 мың жұмыс орны ашылады. 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар экономиканың нақты секторында 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамтудың кешенді жоспарына сәйкес 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 121,5% құрады. Қалада 8 мың әлеуметтік пәтер салынады. Халықтың әлеуметтік осал топтары арасындағы кезек айтарлықтай азаяды. Бірінші жартыжылдықта тұрғын үйді пайдалануға беру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 134%-ға артты.


Соңғы жаңалықтар