Жұмыспен қамту жол картасы: 64 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы (ЖҚЖК) аясында 4 786 жобаны жүзеге асыру басталып, олардың ауқымында 64,8 мың жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ЖҚЖК аясында жергілікті атқарушы орындар 6 506 жобаны іске асыруға іріктеді.

Жол картасының инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі: әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (2 703 жоба); тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (1 039 жоба); инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (1 799 жоба); елді мекендерді абаттандыру (965 жоба).

ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін пайдалануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып отыр. Жұмысшылардың кем дегенде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынып, басымдық жұмыссыз жүрген жастарға берілетін болады. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.

«26 мамырдағы жағдай бойынша бірқатар өңірде 4 786 жоба тұрғысында жұмыс басталып, 64,8 мың жұмыс орны құрылды», - делінген ведомство хабарламасында.

ЖҚЖК аясында барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ретте ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады.


Соңғы жаңалықтар