Жұмыспен қамту жобасы: Шетелде жүрген түркістандықтарға жалақы төленген

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған жобаны жүзеге асыру барысында көптеген заңбұзушылықтарға жол берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеру кезінде осы жобаға бөлінген қаражаттың талан-таражға түскені анықталған. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген 50-ге жуық азамат шетелде немесе басқа қалаларда жүрген. Алайда жауаптылар олардың жұмыс істегені туралы жалған құжат толтырып, жалақы төлеп келген. Мұндай заңбұзушылықтар Бәйдібек, Ордабасы, Сарыағаш және Жетісай аудандарында тіркелген. Бірқатар ауданда жастар практикасына және қоғамдық жұмысқа тартылған тұрғындарға белгісіз себептермен үш айлап жалақы төленбеген. Ал кейбір азаматтарға еңбекақы өткен жылғы айлық есептік көрсеткішпен төленіп келген. Мемлекеттен грант алған 52 кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын ашпаған болса, тағы 7 іскер азамат мүлде кәсібін жүргізбеген.

«Тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтар бойынша құжаттар уәкілетті органға жолданды. Себебі, мемлекетке келтірілген шығынды анықтау керек. Осыдан кейін кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі анықталатын болады», - деді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Ермахан Әбжанов ҚазАқпарат тілшісіне.


Соңғы жаңалықтар