Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Жұмыспен қамту саласында ескі тәсілдерден арылу керек – Сенат спикері

2022 жылғы 5 мамыр 13:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның жалпы отырысында халықты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты пікір білдіріп, Үкіметке бұл бағытта ескі тәсілдерден арылып, әлемдегі озық үлгілерге басымдық беру керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың табысын арттыру – ең маңызды мәселе. Бұл бағытта Үкімет жаңа бағдарламаны қолға алып, қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл саладағы кешенді жоспарды іске асыру үшін 197 млрд теңге бөлінеді. Осы ретте уақытша жұмыс орындарын ашу, төлемақы төлеу сияқты ескі тәсілдерге жол бермей, жаңа басымдықтарды қолға алуымыз керек. Халықаралық тәжірибелерді зерделеп, кедейшілікпен, жұмыссыздықпен күресте нақты нәтижеге жеткен елдердің озық үлгілерін ескеруіміз қажет. Бұл - Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болары сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы орайда Сенат төрағасы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановты осы сессияның аяғына дейін палата отырысына арнайы шақыратынын айтты.

«Отырыс барысында жаңа тәсілдерге байланысты, атқарылатын жұмыстарға қатысты депутаттарға ақпарат берсеңіз. Өз тарапымыздан іске асырылатын қадамдар бойынша көрсетілетін қолдауды пысықтап алған жөн болар еді. Сондықтан сессияның аяғына дейін тағы бір кездесеміз», - деді М. Әшімбаев Үкімет басшысының орынбасарына қарата айтқан сөзінде.

Атап айтқанда, бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» және «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды.

Құжатқа түзету енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.


Автор:

Руслан Ғаббасов

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары