Жұмысқа жаяу барамын - Астананың жаңа әкімі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов әкімдіктің прогрессивті бастамаларын жалғастыруға мүдделі, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мен бұрын да таңертең жұмысқа жаяу баратын едім. Қазір де үйім жақын. Енді, сәл айналып бару қажет. Дегенмен, оның да жаңа жұмысыма көмегі бар. Себебі көшемен келе жатқанда біраз кемшіліктерді көріп, тиісті тапсырмаларды беруге мүмкіндік бар. Ал күндіз осы Үкіметке және басқа да отырыстарға келгенде таксиге мінемін. Өйткені әкімдіктің бұрынғы прогрессивті идеяларын тоқтатуға болмайды. Соның бәрін жалғастыру қажет. Менің міндеттерімнің бірі - ол жаңа инновациялық әрі креативті идеяларды тоқтатпау, нақты нәтижеге жету", - деді Б.Сұлтанов Үкіметтің бүгінгі отырысынан кейін. 

Қала әкімі қазіргі жұмысын бұрынғы министр қызметімен де салыстырды. Оның айтуынша, министрлікте, көбінесе, саясат пен заң шығару шаралары басым болды. Ал қала бөлек бір "қожалық" іспетті. "Енді, Астананы бөлек бір "қожалық" деп есептеуге болады ғой. Оның әртүрлі проблемалары бар. Ең алдымен, қала тұрғындарынан келетін талаптарға назар аудару қажет. Соның бәрін жерге тастамай, дер кезінде орындау қажет. Сондықтан бұл қызмет - мен үшін практикалық жұмыс. Әр адамның мансабына қажет деп ойлаймын. Менің әлеуметтік желілерде аккаунттарым бар. Соның бәрін жиі-жиі қарап тұрамын. Бірақ жұмыс көп болғаннан кейін тікелей өзім жауап бере алмайтын шығармын. Дегенмен, ашық болуға, кері байланыс орнатуға тырысамыз. Әкім жұмысының басты артықшылығы - таза ауада жиі жүресің. Себебі барлық нысандарды аралап, жұмысты өз көзіңмен көруің керек", - деп атап көрсетті Б.Сұлтанов. 

Айта кетейік, журналистерге сұxбат берген қала әкімі ең алдымен қай мәселелге мән беретінін де айтып берді. "Әрине, бұл жұмыс өте қызықты. Бір жағынан жоғары талаптар қойылып отыр. Себебі Астана өсіп келеді, xалықтың саны да көбейіп жатыр. Сондықтан қызмет көрсету сапасын да арттыру қажет. Өткен жетіде Елбасы активпен болған кездесу кезінде біраз мәселелерді көтеріп, нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде елорданы дамытудың жаңа моделін әзірлеу міндеті бар. Осыған байланысты әкімдік қысқа уақыттың ішінде Астананы дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын ұсынуы қажет. Біз осы жұмысты бастап кетті", - дейді Б.Сұлтанов. 

Соңғы жаңалықтар