Жұмысқа жарамсыз қалған азаматтардың жәрдемақысы қалай өзгереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова еңбек ету қабілетінен айырылуға қатысты әлеуметтік төлемнің қалайша өзгеретінін түсіндірді. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан беріліп отырады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемақының мөлшері 22 988 теңгені құрайды. Ал жаңа жүйе аясында аталған төлем 32,5 пайызға артады.
«Мысалы, адамның орташа айлық табысы 100 мың теңгені, ал жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі 65 пайызды және (қорға - авт.) қатысу өтілі 85 айды құрайтын жүйеге қатысушы үшін жаңа параметрлерді ескергендегі төлем мөлшері 31 080 теңгені құрайтын болады», - деді С.Жақыпова бүгін депутаттарға әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде.
Оның сөзіне қарағанда, аталған төлемге мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлемін қосу қажет.
«2019 жылы 2-ші топтағы мүгедек үшін мөлшер 45 438 теңгені құрайды. Сәйкесінше, екі төлемнің жалпы сомасы 76 518 теңгені құрайтын болады», - деп атап көрсетті С.Жақыпова.
Айта кетейік, бүгін ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мәжіліс депутаттарына міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар