Жұмыс пен табыс туралы сұрақ не үшін қойылады - халық санағы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалпыұлттық санақ сұрағындағы жұмыс пен табыс жөніндегі сауалдар елдің әл-ауқаты туралы нақты деректерді жинау үшін маңызды. Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыспен қамту және табысы туралы деректерді жинау мемлекетке халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын объективті және жан-жақты бағалауды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Халық санағы аясында халықты жұмыспен қамту туралы мәліметтерді жинақтау адамдар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау, сондай-ақ жұмыс орындарын ашуға, жұмысқа орналасуға, жұмыссыздыққа байланысты көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша саясат пен бағдарламаларды жоспарлау үшін өте маңызды», - деді ол.

Бюро басшысы аралық санақ кезеңінде мұндай деректердің халықты жұмыспен қамту бойынша үй шаруашылықтарын іріктеп тексеру қорытындылары бойынша алынатынын түсіндірді.

«Халық санағы аясында халықтың өмір сүру және табыс көздері туралы мәліметтер жинау жұмыс күші мен жұмыспен қамту мәртебесінің көрсеткіштерін толықтыратын маңызды тұжырымдама болып табылады. Бұл отбасының әл-ауқатының, кедейлік деңгейінің сипаттамасы», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Оның айтуынша, санақ қорытындысы бойынша халықтың өмір сүру көздерінің түрлері, жынысы, жасы, өңірлері туралы деректер жинақталады. Сондай-ақ, табыс мөлшері туралы деректер, COVID-19 пандемиясының табыс деңгейіне қалай әсер еткені туралы ақпарат түзіледі.


Соңғы жаңалықтар