Жұмыс орнындағы харассмент: 20-40 жастағы әйелдер жиі шағымданады

None
АСТАНА.ҚазАқпарат – Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі коалиция елордада «Жұмыс орындарындағы харассмент» дөңгелек үстелін өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко 25 қарашада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күрес күні атап өтілетінін, бұл күні зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-шара басталатынын атап өтті.

«Бұл шаралар Халықаралық құқық күні – 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Биылғы науқан «Зорлық-зомбылыққа STOP» деп аталады. Бүгін біз әйелдер мен ерлерге қатысты жұмыс орнындағы қудалауға жол бермеу туралы айтып отырмыз. Соңғы жылдары көптеген зерттеулер жүргізілді және респонденттердің көпшілігі бұл мәселе өзекті екенін айтты. Қазіргі уақытта заңнаманы, Еңбек кодексін, Қылмыстық кодексті жетілдіру керек, сондықтан мәселені өзектендіріп қана қоймай, нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті іс-қимыл жасауда барлық құрылымдардың күш-жігерін біріктіру қажет. Мұндай фактілердің бар екенін көрсететін әлеуметтік сауалнамалар бар. Жас санаты бойынша 30-40 жас көрсетілген. Яғни, әйелдер осындай қудалауға ұшырағанын айтады, бірақ көбіне бұл жағдайлар елеусіз болып қалады. Заңнамалық нормаларды қарастыратын уақыт келді деп санаймыз», - деді Елена Тарасенко.

Сонымен бірге, дөңгелек үстелде елордалық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің басшысы Гүлмира Шрахметова Астанада қанша шағым түсетінін айтып берді. Оның айтуынша, жұмыс орындарындағы харассмент туралы қоңыраулар 102 каналына емес, сенім телефондарына, әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі қызметкерлердің жеке нөмірлеріне жиі түседі.

Спикердің айтуынша, негізінен жәбірленушілер мәселені жасырын түрде шешуге тырысады, өйткені қыз-келіншектер көп жағдайда жұмыс берушіге тәуелді.

«Көп жағдайда мұндай мәселелерді компания немесе ұйым ішінде шешуге тырысады. Бірақ біз жәбірленушінің қасында жүреміз, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеміз. Негізінен бізге 20-30 жас аралығындағы қыздар жүгінеді. Олар басшыларының қырындау, ишарат білдіру, киноға шақыру сынды іс-әрекетіне шағымданады. Биыл зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі қызметкерлердің жеке телефондарына жұмыс орнындағы харрасмент туралы 20-ға жуық қоңырау түсті», - деп түсіндірді Гүлмира Шрахметова.

Спикердің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биылғы статистика шамалас. Дегенмен, құқықтық мәдениет пен мұндай құқықбұзушылықтарға төзбеушілік артып келе жатқанын атап өтті.

«Бізге қыздар мен әйелдер жиі жүгінеді, бұл мәселені шешу жолдарын өздері табуға тырысады. Қалай болғанда да, біз құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жұмыс істейміз. Білім беру мекемелерінде психологтармен бірге жұмыс жүргіземіз. Халық харассмент жөнінде көбірек хабардар болса, құқықбұзушылық та азаяды», - дейді Г. Шрахметова.


Соңғы жаңалықтар