Жұмыс күші тапшы өңірлерге мыңнан астам отбасы көшіп келді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жұмыс күші тапшы өңірлерге 1 147 отбасы немесе 3,8 мың адам қоныс аударды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, қоныс аударғандардың ішінде 540 адам – шетелден келген қандастар.

«Өңірлер бөлінісінде қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау бойынша Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді, Қарағанды және Ұлытау облыстары бұл көрсеткіш бойынша артта қалып келеді. Қоныс аударушылардың жартысына жуығы немесе 44%-ы – 29 жасқа дейінгі жастар», – деді Тамара Дүйсенова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының тұжырымдамасы әзірленгенін де атап өтті. Ол еліміздің экономикалық дамуындағы кадрмен қамту мәселесін қолдауға бағытталған.

Сонымен бірге Тамара Дүйсенова министрлік «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын табысты іске асыру бойынша жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Айта кетейік, елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба іске асырылуда.



Соңғы жаңалықтар