Жұмыс күші екі есе артып, еңбек нарығына 2000 жылдары туған жастар шыға бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еңбек нарығына екі мыңыншы жылдары туған азаматтар шыға бастады. Бұл жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Асқар Ниязов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік-еңбек саласы бойынша қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы шеңберінде 2022 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, жеке және заңды тұлғалардың әлеуметтік-еңбек саласының қоғамдық маңызы бар мәселелері бойынша өтініштері қаралды.

Осылайша, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің көрсетілген шаралары және осы бағыттағы алдағы жоспарлар туралы ақпаратты ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов таныстырды.

Оның айтуынша, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2021 жылы жұмыс күші санының өсу көрсеткіші екі есе артып, 76 мың адамға жетті.

«Бұл ретте еңбек нарығына пандемия да, әлемдік экономикалық үрдістер де әсер етті. Сонымен қатар, қазір еңбек нарығына екі мыңыншы жылдары туған азаматтар шыға бастады. Бұл өзгерістер әсіресе жастар арасында жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдауды талап етеді. Сондықтан халықты жұмыспен қамту бойынша жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде, бұл қолдау көрсету ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп бөлісті Асқар Ниязов.

Мәселен, Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру, сондай-ақ 10 ұлттық жоба іске асып жатыр.

Азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге көшіруге жәрдемдесу шаралары көрсетілуде.

«Осының арқасында 900 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 28,8% – ұлттық жобалар шеңберінде, 37,1% – «әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бағыты бойынша және 34% - жұмыс берушілер ұсынған бос орындар есебінен орналасқан. Бұл ретте азаматтардың 81%-ының ай сайынғы зейнетақы жарнасы аударылып отыр, бұл олардың жұмысқа орналасқанын растайды», – деп қорытындылады Асқар Ниязов.


Соңғы жаңалықтар