Жұмыс істемейтін ата-аналар үшін де бала күтімінің әлеуметтік төлемі 1,5 жылға ұзартылады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бала күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің мерзімін ұзарту шарасы жұмыс істемейтін ата-аналарды да қамтитынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемдердің көлемін 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзарту туралы тапсырмасы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қатысты болады. Бұл құқықты жарты миллионға жуық ата-ана пайдаланады. Бұл ретте жұмыс істейтін аналар әлеуметтік төлемді мемлекеттік сақтандыру қорынан еңбекақысының 40 пайызы мөлшерінде, нәресте 1 жарым жасқа жеткенше алады», - деді ведомство басшысы.

Ал, жұмыс істемейтін аналар бюджеттен берілетін көмекті 1,5 жыл бойы алады.

«Жұмыс істемейтін бала күтіміндегі аналар мемлекеттік бюджеттен заңнама белгілеген жәрдемақы мөлшерінде алады. Сондықтан, қажетті қосымша қаражат есебі республикалық бюджет комиссиясының мақұлдауынан кейін Әлеуметтік кодекс жобасына және 2023-2025 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасына тиісті өзгерістер енгізіледі», - деді министр.

Еске салайық, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ашып, халыққа Жолдауын жариялады.


Соңғы жаңалықтар