Жұмыс берушілердің жарнасы не үшін кері қайтарылып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы соңғы кезде жұмыс берушілер төлеген жарнаның жаппай кері қайтарылу себебін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Филиал директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, соңғы үш аптадан бері жұмыс берушілер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлей алмай отыр.

«МӘМС туралы заңда мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санат белгіленген. Олардың бір бөлігі жұмыс істеген күннің өзінде сақтандыру төлемдерінен босатылған. Бұл топқа жоғарғы оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын студенттер, мүгедектер, зейнеткерлер мен «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар кіреді», - деді филиал директоры.

Филиал мәліметінше, жұмыс берушілер арасында аталған санаттар үшін жарна аударатындар да баршылық. Салдарынан сақтандыру төлемдері екі жақтан, мемлекет тарапынан да, жұмыс беруші жағынан да төленеді. Осының алдын алу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1-шілдеден бастап жеңілдігі бар санат өкілдерінен жарна/аударым қабылдауға шектеу қойған болатын.

Мәселені шешу үшін жұмыс берушілерге алдымен төлемдер қайтып келген адамдардың әлеуметтік статусын тексергені жөн.

«Негізінен студенттердің атына аударылған жарналар қайтарылып жатыр. Бірақ жұмыс берушілер олардың көбінің оқымайтынын немесе ЖОО бітіріп кеткенін айтады. Сондықтан алдымен мәселенің ақ-қарасын анықтап алған жөн», - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Егер жұмыскер оқуды бітірген болса, өзі оқыған жоғарғы оқу орнына хабарласуы қажет. Содан кейін ЖОО оны Білім және ғылым министрлігінің базасынан шығарады.

Естеріңізге сала кетсек, Қор жеңілдігі бар санаттардың тізімін жасау Қордың құзырына жатпайды.


Соңғы жаңалықтар