Жұмыс берушілер қызметінде еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігін онлайн тексере алады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жұмыс берушілер өз бетінше еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігін онлайн тексеруден өте алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп, пилоттық режимде «Онлайн еңбек консультанты» (ОЕК) сервисін әзірледі және іске қосты, ол жұмыс берушілерге өз қызметін еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі әрі еңбекті қорғау талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруге мүмкіндік береді», - делінген министрлік мәліметінде.

Сервис жұмыс берушілерге еңбек саласындағы құжаттаманы дайындау және жүргізу процесін жеңілдетуге әрі еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша цифрлық құралдарды енгізу есебінен елдің кәсіпорындарында еңбек жағдайларын жақсартуға жәрдемдесуге арналған. ОЕК-ты пайдалана отырып, жұмыс берушілер еңбек заңнамасының қыр-сырын түсіне алады, сондай-ақ іс-әрекеттерінің заңнама нормаларына сәйкестігін анықтай алады және мемлекеттік еңбек инспекциясы қоятын талаптар бойынша жедел түсініктемелер ала алады.

«Осы сервис аясында тексеру жүргізу жасырын болып саналады және жұмыс берушілерден алдын ала тіркеуді талап етпейді, тек еңбек жағдайлары, қызметкерлер құрамы және басқа мәселелер бойынша жалпы сауалнаманы толтыру қажет. Тексеру нәтижелері бойынша, сервис ҚР Еңбек кодексінің талаптарын бұзушылықтарды көрсетумен қатар, оларды жою бойынша ұсынымдар шығарады. Осылайша, жұмыс беруші өз мәселелерін ОЕК көмегімен алдын ала пысықтап, барлық ұсыныстарды ұстана отырып және орын алған заң бұзушылықтарды жоя отырып, нақты тексеру жағдайында ұйғарымдар мен әкімшілік айыппұлдардан құтыла алады», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Қазіргі уақытта сервисте өзін-өзі тексеруге арналған бірнеше түрлі тақырыптар бар: жұмысқа қабылдау мен еңбек тәртібінен бастап еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына, сондай-ақ қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін еңбек ерекшеліктеріне дейін.

Сауалнамалар 12 тақырыптық тексеру парағына орналастырылған және жұмыс берушілерге заң бұзушылықтардың ауырлығын анықтауға көмектесетін 80-ге жуық сұрақтан тұрады.

Сервис келесі сілтеме бойынша қолжетімді: https://inspector.enbek.kz. https://enbek.kz порталда тиісті баннер орналастырылған.


Соңғы жаңалықтар