Жұмыс берушілер айлық көлемін жұмысшымен келісіп белгілеуі керек – кәсіподақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясы Еңбек кодексіндегі еңбекақыны белгілеу тәртібіне өзгеріс енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин БАҚ өкілдеріне «Жаңа қоғамдық келісім: Әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестер форумының алдында мәлім етті.

«Біз Үкіметке де бірқатар ұсыныстар бердік. Мысалы, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы кірісті бөлудің әділетсіз жүйесін түзету қажет. Бұл қызметкерлерді іс жүзінде қаржылық тәуелділікке әкеледі. Оның салдарынан құқықтық енжарлық пайда болады. Сондықтан жалақы жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Өкінішке қарай, қазір еңбекақы төлеу жүйесін жұмыс беруші белгілейді. Біз Еңбек кодексіне еңбекақы төлеу жүйесі ең әуелі жұмысшылар өкілінің мақұлдауы арқылы белгіленуі тиіс деген бағытта өзгерістер енгізуді талап етіп, ұсынып отырмыз»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның пайымынша, жұмысшылар өндірісті басқару ісіне де еркін қатысуы керек.

«Бұл әлемдік тәжірибе және біз де соған ұмтылуымыз керек. Президент ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесін әзірлеу туралы біздің бастамамызды қолдады. Өйткені оның қалай қалыптасатыны осы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Енді соның әдістемесі анықталуы керек және оның қалай қалыптасатынын кез келген адам білуі керек», - деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.


Соңғы жаңалықтар