Жұмыс барысында түрлі келеңсіз оқиғаларға куә боласың – учаскелік полицей

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың №12 учаскелік полиция пунктінің учаскелік инспекторы Ринат Алғожин тәртіп сақшысы болуды кішкентайынан армандағандардың бірі. Қарапайым халықтың тұрмысының бел ортасында жүрген қызметкер жұмыс барысында жаға ұстатарлық қылмыстардың да куәсі болған. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында полицеймен ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасты.

Ринат Алғожин Петропавлдың тумасы, жасы - 35-те. 2008 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдайды.

Қазір Петропавлдағы №12 учаскелік полиция пунктіне жауапты учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етеді.

Ішкі істер органдарында жұмыс істеп жүргеніне биыл 12 жыл. Зайыбы үй шаруасында, өсіп келе жатқан ұл-қызына бас-көз болып отыр.

- Ринат Мәркенұлы, полицияға қызметке орналасуға не себеп болды?

- Кішкентайымнан ішкі істер органдарында жұмыс істеуді, полицияның формасын киюді армандадым. Менің нағашы атам Мұқаш Байқанұлы Жарылғапов Кеңес Үкіметі тұсында милицияда жұмыс атқарды. Ол кісінің «Үздік тергеуші» атағы бар. Бұл мамандықты таңдауға атамның да үлесі болған шығар.

- Учаскелік полиция инспекторының бір күндік жұмысына не кіреді? Қандай міндеттер жүктелген?

- Келген азаматтарды қабылдаймыз, арыздар-өтініштермен жұмыс істейміз. Профилактикалық іс-шаралар атқарылып, тізімдік және профилактикалық есепте тұрған тұлғаларды мекен-жайы бойынша тексереміз. Әкімшілік учаскеде әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтарды болдырмау үшін профилактикалық жұмыстарды атқару кіреді, тізімдік есепте және профилактикалық есепте тұратын тұлғалар біздің жұмыс атқаратын аумақта да аз емес, олардың ішінде 24 адам нашақор ретінде, 45 адам - алкогольдік ішімдікке салынғандар санаты бойынша тізімдік есепте тұр. Сондай-ақ бұрын сотталған 14 адам және мерзімінен бұрын босатылған 5 адам профилактикалық есепте есепте тұр және 3 адам әкімшілік қадағалауда болуы тиіс. Осы адамдардың барлығын күнделікті мекенжайлары бойынша тексеріп, қадағалауда ұстау - учаскелік полиция инспекторының міндеті. Біз әрқайсымен жеке жұмыс істейміз, керек болған жағдайда бөлімшеге шақыртамыз.

- Өз учаскеңіз туралы айтып берсеңіз, оның басқа учаскелерден ерекшелігі бар ма?

- Менің қызмет атқаратын әкімшілік учаскем Петропавлдың 20 ықшам ауданында орналасқан. Оның ерекшелігі – ең алдымен қаланың шеткері аудандарының бірі. Екіншіден тұрғындар көп шоғырланған. Тағы бір ерекшелігі – аралас секторлы болып келеді, яғни көп қабатты үйлер де, жеке тұрғын үйлер де бар.

- Учаскелік полиция инспекторларын әмбебап қызметкер деп айтуға болады. Сіздер ішкі істер органдарының «отымен кіріп, күлімен шығасыздар». Қиын емес пе?

- Әрбір жұмыстың қиын жақтары болады, біздің салада да өз қиындықтары бар. Бірақ біз оған мойынсұнбай, әрдайым қиындықты еңсеруге тырысамыз. Кейбір білмеген жерлерімізді аға буыннан сұрап, ал өз білгенімізді жас мамандармен бөлісеміз. Ұрпақтар сабақтастығы жақсы жолға қойылған.

Ал халыққа қол ұшын беріп, мұқтаж жандарға көмек көрсету, алданған немесе қорлық көрген тұрғындардың мәселелерін шешу, яғни, жақсы, әрі пайдалы іс жасап жатқанымды сезіну, менің жұмысыма деген жауапкершілігімді арттырады. Осы орайда өзімнің бірінші жұмыс күнім есіме түсіп отыр. Менің ойымша, әр адамның бірінші жұмыс күні айырықша есінде қалады. Алдымен ұжыммен таныстықтан басталды. Олар мені жылы қарсы алып, жұмыс барысымен таныстырды. Қолдарынан келгенше көмектесіп, менің жаңа ортаға сіңісіп кетуіме қатты ықпал жасады. Сол үшін менің әріптестеріме алғысым шексіз.

- Адам болғаннан кейін барлығымызға қорқыныш сезімі тән, жұмыс барысында қорыққан кезіңіз болды ма, мәселен өз өміріңіз үшін? Немесе өміріңізге қауіп төнген сәттер болды ма?

- Жұмыс барысында неше түрлі жағдайлар болады. Мысалға, ерлі-зайыптылар арасындағы дау-жанжал барысында масаң күйдегі күйеуі кәмелет жасқа толмаған балаларына зиян келтіріп қоюуы мүмкін. Сондай кездерде балалардың өмірі мен денсаулығына алаңдап, қорқатын сәттер болады. Бірақ мен осы мамандықты таңдаған кезде бұл жұмыстың қауіпті екендігін және мұндай жағдайлардың жиі болатынын толықтай түсіндім, оған дайын болдым. Сол себепті қорқыныш сезіміне жол бере алмаймын.

- Жұмыс барысында есіңізде қалып, қатты әсер еткен оқиға бар ма?

- Осыдан 3 жыл бұрын №12 полиция учаскесіне белгісіз адам қоңырау шалып, өзін таныстырудан бас тартты. Ол біздің полиция учаскесіне қарайтын мекенжайлардың бірінде белгісіз бір әйел адамға көмек керектігі туралы хабарлады. Біз мекенжайға бірден аттандық. Келген кезде ес-түссіз талып жатқан әйелді таптық.

Пәтерде әйелден басқа ешкім болған жоқ, алайда пәтердегі заттар, киім-кешек шашылып жатты. Біз тездетіп әйел адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырттық. Жедел жәрдем дәрігерлерінің көмегінен кейін ол кісі есін жиып, бізге болған оқиғаны айтты.

Әйелдің айтуынша, ол туған ұлы Д.-мен жанжалдасып қалған. Дау-жанжал барысында баласы анасына қол көтеріп, басынан, бетінен ұрған. Алған соққылардан әйел есінен танып қалған.

Оның баласын көп ұзамай ұстап, Петропавл қаласының № 1 полиция бөлімшесіне тапсырдық. Бұл - жаға ұстатарлық оқиға. Туған ұлы анасына осындай қорлық көрсететін жағдайға жеткен.

- Осыдан 5 жыл бұрынғы және қазіргі учаскелік полиция инспекторының жағдайы туралы айтып беріңізші. Өзгеріс бар ма?

- Әрине, өзгеріс өте көп. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында да учаскелік полиция инспекторларына қойылатын талаптарды күшейтумен қатар, оларға тиісті жағдай жасауды да тапсырды.

Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету жақсарды, еңбекақы мөлшері жоғарылады, техникалық база жаңартылып, жұмыс барысын жеңілдететін көптеген жаңа платформалар, планшет және бейнежетондар пайда болды. Солардың бірі - 102 қосымшасы. Осы қосымшаға әр азамат тіркеліп, үйден шықпай-ақ арыз бере алады. Яғни бұл қосымша тұрғындар үшін де, полиция қызметкерлері үшін де тиімді болып отыр.

- Мерекеге орай әріптестеріңізге не тілер едіңіз?

- Кәсіби мереке қарсаңында барлық жеке құрамды, ішкі істер органдарының ардагерлерін, барлық полиция қызметкерлерін осы тамаша күнмен құттықтағым келеді.

Құрметті әріптестер! Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, бақ-береке, ұзақ ғұмыр, жұмыстарыңызға жеміс және кәсіби мансап тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш, болашағымыз жарқын, көк туымыз желбіреп, бейбітшілігіміз мәңгі болсын.

- Әңгімеңізге р ахмет.


Соңғы жаңалықтар