Жұматай Әлиев Президенттікке үміткер ретінде құжаттарын тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі ҚР Президенті лауазымына үміткер ретінде Жұматай Әлиевті ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.

«2019 жылғы 28 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Жұматай Әлиұлы Әлиевтің құжаттарын ұсынды», - делінген ОСК-ның ресми сайтында.

Бірлестік Орталық сайлау комиссиясына төмендегі құжаттарды тапсырған:

1. «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі жоғары органының ҚР Президенттігіне кандидатты ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді;

2. Жұматай Әлиұлы Әлиевтің ҚР Президенттiгіне кандидат ретінде сайлауға түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші;

3. Өмірбаяндық деректері;

4. ҚР Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат;

5. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

6. Жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері;

7. Мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар.

Жұматай Әлиев 1952 жылдың 20 маусымында Жамбыл облысында дүниеге келген. Ленинград мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, философ, экономист. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі.

Университетті бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік медицина институтында мұғалім болып еңбек еткен.

1977-1982 жылдары ҚЛКЖО Алматы қалалық комитетінің нұсқаушысы, ҚЛКЖО Фрунзе аудандық комитетінің екінші хатшысы, ҚКП Алатау аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған.

1982-1983 жж. - Алматы қалалық сүт зауытында аға технолог- инженер, бас инженердің орынбасары.

1983-1997 жж. - Алматы сәулет және құрылыс институтында аға оқытушы, Алматы мал дәрігерлік институтының әлеуметтік-экономика пәндері кафедрасының меңгерушісі, ҚазМАУ гуманитарлық даярлау орталығының басшысы.

1997-2001 жж. - Орталық Азия университетінің президенті, ректоры.

2001-2008 жж. - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары.

2008-2012 жж. - Орталық Азия университетінің қамқоршы кеңесiнің төрағасы, профессор, «Тұрақты Қазақстан» қоғамдық қорының басшысы.

2012 жылдың қаңтарынан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.

III, II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Неміс, ағылшын, орыс, қазақ тілдерін біледі.

Фото: cau.kz

Соңғы жаңалықтар