Жұлдыздар сайлау науқаны жайында пікірлерін білдірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Сенің дауысың - сенің болашағың!» атты постерлер байқауының барысы жайлы айтылды. Жиынға танымал әнші, спортшы, қоғам қайраткерлері қатысты.

Әнші Толқын Забирова өзінің сайлауға қатысты ойын білдірді.

«Мұндай конкурсты өткізу дәстүрлі шараға айналып барады. Бұл байқау өз елінің тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар үшін маңызды дода. Мен үшін қазылар алқасында болып, қатысушылардың жұмысын бағалау үлкен абырой. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланады. Сондықтан, биылғы сайлауда біздің жауапкершілігіміз бірнеше есе артады. Адамның отансүйгіштік сезімін білдіруге мүмкіндік беретін бірнеше тәсіл бар. Бірақ, соның ең озығы - сайлауға келіп, өз даусыңды беру», - деді әнші.

Былғары қолғап шеберлері Әлем чемпионы Назым Қызайбай мен Азия чемпионы Дариға Шәкімова да қазақстандықтарды сайлауға қатысуға шақырды.

«Қазақстан болашағы - ол біздің болашағымыз. Сайлауға әр жастың қатысуы өте маңызды. Спортшылар жаттығудан өзге осындай шараларға да қатысуы тиіс. Былтырдан бері өзімнің дауыс беру құқығымды жүзеге асырып жүрмін», - деді Н.Қызайбай.

Әнші Әли Оқапов болса сайлауға қатысу өзінің азамат ретіндегі парызын өтеу деп санайды.

«Ел назарында жүрген адам ретінде үлгі болуымыз керек. Келіп өз пікірімді айтып, тыңдармандарымды (сайлауға) шақырып жүрмін. Біздің болашақ - біздің қолымызда. Осындай байқаулар арқылы шығармашылық қабілетіңді көрсетуге мүмкіндік бар. Ел бізбен байланыста», - деді ол.

Әнші өзінің үзеңгілестері Қайрат Нұртас пен Жанар Доғалова сияқты Парламент депутаттығына үміткер болуға өзін дайын емеспін дейді.

«Мен қарсы емеспін. Екеуі де танымал адамдар. Өнер жағынан маңызды құжаттарды әзірлейтін шығар. Сайлауға пиар жағынан жарнама жағынан қолдау көрсету үшін қатыстырып жатқан шығар деп ойлаймын. Бір жағынан, әркім өз ісімен айналысуы керек деп санаймын. Мен - музыкантпын. Жан-жақты болуға дайын емеспін», - деді Ә.Оқапов.

Айта кету керек, «Сенің дауысың - сенің болашағың!» атты постерлер байқауының ұйымдастырушыларына 3 аптаның ішінде 200-ден астам жұмыс түскен. Авторлардың көбі 25 жасқа дейінгі жастар.

Дизайнерлер мен программистерден бөлек шахтерлер мен өрт сөндірушілерден түскен жұмыстар бар. Өтінімдер 24 наурызға дейін қабылданады.

Еске сала кетсек, «Сенің дауысың - сенің болашағың!» атты постерлер байқауы былтыр да өткізілген болатын.

Соңғы жаңалықтар