Жұлдыз Омарбекова: Жастар - қоғамның әлжуаз тобы емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова еліміздегі жастарды қолдаудың тетіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, біздің ойымызша, жастарға көмек көрсету керек емес. Себебі, жастар - қоғамның әлжуаз тобы емес, күш-қуаты мол, елімізді алға жылжытатын топ. Сол себепті, біздің басты мақсатымыз - жастарға жағдай жасау. Яғни, жастардың жақсы білім алуына, спортпен шұғылданып, сүйікті мамандығын таңдауына, бизнеспен айналысуына жағдай жасау керек. Жастармен жиі кездесіп тұрамыз. Олардың «бізге көмектесудің қажеті жоқ, кедергі жасамасаңыздар болды» деген өздері жақсы көретін сөзі бар. Сондықтан, біздің мақсат - оларға жағдай жасау», - деп атап өтті вице-министр «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен #NurOtanPikir еркін пікірталас алаңында.

Жұлдыз Омарбекованың айтуына қарағанда, жастарды қолдау мақсатында біршама бағыттағы жұмысқа басымдық беріледі.

«Біріншіден, сапалы білім беру. Қазіргі уақыт - интернеттің заманы. Қашықтықтан оқу мүмкіндігі бар. Ең бастысы, сапалы білімнің жастарға қолжетімді болуын қамтамасыз етсек дейміз. Себебі, жастардың барлығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда оқуға құмар. Алайда, кез келген облыс орталығында сапалы білім қолжетімді. Екіншіден, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік. Биыл «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 3 жылдың ішінде жас кәсіпкерлерге 60 мың грант бөлінеді. Жастар бизнес ашамын десе - толық мүмкіндік бар», - дейді ол.

Вице-министр үшіншіден жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге басымдық берілетінін тілге тиек етті.

«Әсіресе, бюджет саласында еңбек ететін дәрігерлер, мұғалімдерге жалдамалы пәтер беріледі. Баспананың кімдерге қалай берілетініне қатысты талаптар бір айдың ішінде пысықталып, дайын болады», - дейді Жұлдыз Омарбекова.

Айта кетсек, бүгін «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен #NurOtanPikir еркін пікірталас алаңының кезекті отырысы өтті. Онда қатысушылар «Жаңа әлемдегі жастар келбеті» тақырыбында ой қозғап, еліміздегі бүгінгі жастар саясаты, осы салаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау және бүгінгі жас буынның бағыт-бағдары жайында әңгіме өрбітті.

Соңғы жаңалықтар