Жүктілікті қалыпты өткізу үшін не істеу керек - дәрігер кеңесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың біліктілігі жоғары акушер-гинекологтары жүкті әйелдерге өз кеңестерін берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Астана қаласы №3 Перинаталды орталығының акушер-гинеколог дәрігері Динара Қабылова дені сау сәбиді көтеруге және тууға көмектесетін 10 қарапайым ережені айтты.

«Ең алдымен мекенжайы бойынша жүктілікке уақытылы тіркеліп, дәрігерлердің нұсқауларын бұлжытпай орындап, дер кезінде қаралып жүру керек. Одан кейін баланың дүниеге келуіне қолайлы жағдай (психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік, физикалық және экологиялық жағдайлар) жасау маңызды», - дейді Динара Қабылова.

Дәрігердің айтуынша, жүктіліктің қалыпты өтуі үшін дәрумендер, микроэлементтер мен минералды тұздары бар пайдалы, табиғи, еш қоспасыз азық-түлік пайдалану керек. Шырындар, жеміс, көкөніс, жаңғақтар, бал, сүт өнімдері, жұмыртқа, ет, балық, бұршақ тұқымдастарды ас мәзірінде қолдану қажет.

«Ағзалардың (тері, өкпе, бауыр, бүйрек) дәрісіз тұрақты және тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізіп, жаман әдеттерден аулақ болу керек. Жеңіл, қолайлы киімді киіп, күнделікті табиғи дене белсенділігін арттыру қажет. Күйзелістен арылу дағдыларын меңгеріп, толыққанды дем алуды үйрену керек», - деп өз сөзін толықтырды Динара Қабылова.

Сонымен бірге, болашақ баланы тәрбиелеу үшін классикалық музыка, әдемі табиғат, суреттер мен әдебиет, үй ішінің жайлылығы да артық етпейді. Және босану процесіне мүмкіндік болса, серіктестің қатысқаны жөн.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс акушер-гинеколог дәрігері, №3 Перинаталды орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлназ Досмырзаева жүкті әйелдерге белсенді қимылдауға кеңес береді.

«Жүкті әйелдерге бассейнде, йога топтарында жаттығу жасау ұсынылады. Көптеген фитнес-клубтарда нәрестесінің дүниеге келуін күткен әйелдер үшін арнайы топтар бар. Фитболмен жаттығулар, би, созылуға арналған гимнастикалар болашақ ананың өзін тамаша физикалық формада ұстауына көмектеседі», - деді Гүлназ Досмырзаева.

Барлық дәрігерлер бір ауыздан жүкті әйелдерге таза ауамен демалуды, жиі серуендеуді, бөлмені желдету қажеттілігі ұсынылады.

«Жүктілік кезеңінде ауыр салмақты көтеруге болмайды, себебі бұл мерзімнен ерте босануға әкеп соғуы мүмкін. Биік өкшелі аяқ киім кию де ұсынылмайды. Себебі, құлап қалуыңыз мүмкін немесе аяқ тамырларыңызға да зардап келуі мүмкін. Жүкті әйелдің өмір салтының тағы бір құрамдас бөлігі - жақсы ұйқы. Ұйқыға кешкі сағат 10-да жатып және таңғы 7-ден кешікпей тұру керек», - деді Г. Досмырзаева.

Соңғы жаңалықтар