Жүкті әйелді көлікте босандырып алған кездер де болды – акушер

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – 5 мамыр – Халықаралық акушерлер күні. Жауапкершілігі мол бұл салада жарты ғасырға жуық тер төгіп келе жатқан Сайран Уәлиева Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлан ауданы Тайынты ауылында дүниеге келген Сайран Уәлиева 1978 жылы медициналық училищені бітіріп, акушер мамандығы бойынша диплом алған. Міне, сол уақыттан бері туған жерінде акушер болып тер төгіп келеді.

«Осыншама уақыт ішінде неше түрлі оқиға болды ғой. Кейде толғағы келген әйелді перзенханаға жеткізбей, көлікте босандырып алуға тура келді. Жетпісінші-сексенінші жылдары ауылдарда жол да, көше шамдары да, ұялы телефон да жоқ. Әйелдер үйлерінде тағат таппай күтіп отырады. Ал біз қақаған аяз бен қарлы боранға қарамастан, күн-түн демей оларға қарай ұмтылатынбыз. Бұл саланы таңдағаныма еш өкініп көрген емеспін. Адамға пайдаң тиіп, басқаның қуанышына ортақтасу – керемет сезім», - дейді акушер.

Қазір оған кезінде өзі босандырған әйелдердің жүкті қыздары мен немерелері келіп жатады. Тәжірибелі маман әрқайсысына қолұшын созуға әзір.

«Акушерлік – ең жауапты мамандықтардың бірі. Өйткені сенің қолыңда бір емес екі адамның өмірі тұрады. Зейнет жасына жетсем де әлі күнге дейін сүйікті саламда жүрмін. Жас мамандарға көрген-білгенімді үйреткім келеді», - дейді Сайран Уәлиева.


Соңғы жаңалықтар