Жүгіруден «Нұр-Сұлтан паркі Challenge 2020» онлайн-жарысының жеңімпаздары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 600-ден астам спортшы «Нұр-Сұлтан паркі Challenge 2020» онлайн-жүгіру жарысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, жүгіруден «Нұр-Сұлтан паркі Challenge 2020» онлайн-жарысы 5-6 қыркүйек күндері өтті. Бүгін жеңімпаздардың есімі жарияланды.

Екікүндік жарыс елорданың Орталық саябағында ұйымдастырылды. Бірақ оған арнайы мобильдік қосымша арқылы әлемнің түрлі елдерінен спортшылар қатыса алды.

Жарысқа жалпы 600-ден астам адам қатысты. Латвия, Ресей, Италия, Швеция, Беларусь және Қазақстанның көптеген қалаларынан кәсіби спортшылар келді.


Жарыстың жеңімпазы – Ресей Федерациясының жеңіл атлетика құрамасының мүшесі Алла Сидорова болды.

Татьяна Нерознак – қашықтыққа жүгіруге маманданған ҚР Ұлттық құрамасының спортшысы, екінші жүлделі орынға ие болды.

Dmitrijs Serjogins – кәсіби спортшы, жеңіл атлетикадан Латвия құрамасының мүшесі, жалпы есепте үшінші орынға ие болды.

Далалы алқапта 5 км жүгірген Атырау облысының тұрғыны Жалғас Мұғамилинге де жүлде бұйырды.

Айта кетейік, жүлделі орындарға ие болған қатысушылар өз жүлделерін қайырымдылық мақсатқа жұмсады.

Жарысты елордалық «Magic park Astana» паркінің басқарушы компаниясы, Қазақстан Республикасының жеңіл атлетика федерациясы және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырды.


Соңғы жаңалықтар