Жуалыдан ежелгі адамның бас сүйегі табылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Жуалы ауданында археологиялық қазба жұмыстары кезінде ежелгі адамның бас сүйегі табылды ,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандар оны 2-1 ғасырларға жатқызып отыр. Оның ер немесе әйел адам болғанын және нақты жасын украиналық ғалымдар анықтамақ. Ол үшін арнайы зертханаға бас сүйектің тісі жіберілді.

«Үш метрлік тереңдіктен адамның басы шықты. Басқа сүйектері жоқ. Алғашқы кезде дән үгетін тастар, құмыраның сынықтары, бүтін құмыралар да шықты. Ашылып, түгел қазылып бітіп жатса, бұл енді жалғыз біз емес, бүкіл Қазақстанға үлкен мақтаныш болар еді. Бұдан 2 мың жыл бұрын өмір сүріп кеткен халықтардың тұрмыс-тіршілігі туралы білуге болады»,- дейді қазба жұмыстарына қатысушы Алған Әлиев.

Айта кету керек, көне Бурно-Октябрь қалашығын археологиялық зерттеу кезінде 3500-ге тарта жәдігер табылған. Арасында қыш ыдыстардың сынықтары, қол диірмен, қоладан жасалған май шамдар бар. Қазір археологтар екі бөлменің орнын тауып, зерттеп жатыр. Оның біреуі қаз қалпында сақталған.

«Қабырғалары бүлінбеген. Тіпті бөлменің төбесі де сақталған. Күмбез тәрізді. Міне қараңыз, мынау қабырға, әрі қарай кірпіштер көлденең емес, шырша сияқты қаланған. Толықтай тазарттық. Бөлме әдейі көмілген. Неге десеңіз, бұл жердің көне тұрғындары нысанды жәй ғана тастап кетпеген. Олар мұнда қайта келуді көздеген»,- дейді археолог Ескендір Төребеков.

Соңғы жаңалықтар