ЖШС басшысы Щучинск тұрғындарының 5 миллион теңгесін казинода ұттырып жіберген

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Щучинск қаласы тұрғындарының үйлеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін аударылған 8 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырып, бұл соманың біразын казинода ұттырып жіберген серіктестің бұрынғы директоры 2,6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Бурабай аудандық сотының үкіміне сілтеме жасап.

Сотта белгілі болғандай, 2012 жылы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Есіл ӘКК» ҰҚ» АҚ арқылы Щучинск қаласындағы бірқатар тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу үшін  68 815 662 теңге көлемінде қаржы бөлінген. 2013 жылы аталмыш үйлердің тұрғындарынан несие ақшасын қайтарып, кейін бюджетке аудару үшін серіктестік құрылды.

2016 жылы ЖШС жаңа директоры тағайындалып, тұрғындардан жиналған ақшасы бар банктік есепшот  тапсырылды. Алайда, сот үкімінде 2016 жылы сәуір және маусым айларында аталмыш директордың есепшоттан 4 934 000 теңге көлемінде ақшаны алып, оны казинода ойынға жұмсағаны анықталды. Сонымен қатар, ол тұрғындардан қайтарым ретінде жиналған ақшаны кассирден алып, кейін банктің есепшотына қайтармаған, керісінше жеке басының пайдасына жұмсаған.  Осылайша, ол осындай жолмен 2016 жылдың сәуірі мен 2018 жылдың наурыз айы аралығында 3 410 507 теңге ақша алған.

Нәтижесінде директордың жымқырған ақшасы 8 344 507 теңгені құрады. Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, өкінетін айтты.  Оған қоса, экс-директор өзіне 80 000 теңге айлық белгіленгенмен, ол төленбегенін де жеткізді. Сондықтан, ол ақшаны есепшоттан алып отырған. Кейін қайтару қажеттігін түсінген ол әлгі ақшаны казинода ойынға салып, еселеп қайтарып алмақ болған. Алайда, әр барған сайын ұтыла берген ол бір жарым айдың ішінде 5 миллион теңге ақшадан айырылған.

Сот экс-директорды ҚР ҚК 189-бабының 1 және 2 бөлігі бойынша кәнілі деп танып,  2,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ер адам өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Оған қоса, өтелмеген  3 344 507 теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Сот үкімі күшіне әлі енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар