Жозеп Боррель: Қазақстан – ЕО-ның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі

None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Қазақстанға сапары бүгін өтеді. Осы маңызды сапар қарсаңында мәртебелі мейман ҚазАқпараттың меншікті тілшісіне эксклюзив сұхбат берген еді.

- Боррель мырза, 2023 жылы ақпан айында Қазақстан мен Еуропалық Одақ екіжақты қатынастардың 30 жылдығын атап өтуді жоспарлап отыр. Бұл ынтымақтастықтың негізгі жетістіктері қандай?Қысқаша сипаттап бере аласыз ба?

- Біздің басты жетістіктеріміздің бірі 2020 жылғы наурызда Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуі болды.

Қазақстан 2015 жылғы желтоқсанда Еуропалық Одақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы бірінші ел атанып отыр.

Отыз жылда біздің екіжақты қарым-қатынасымыз айтарлықтай ілгері дамыды. Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып саналады, Қазақстанға салынған тікелей шетелдік инвестициялардың жартысынан астамы ЕО үлесінде.

Сонымен бірге, Қазақстан қазіргі уақытта ЕО-ның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Қазақстан ЕО-ның сенімді энергия жеткізушісі болды және болып қала береді де.

Жақында біз экологиялық таза шикізат, аккумуляторлар және жаңартылатын сутегі саласындағы ынтымақтастықты жандандырдық. Шикізаттың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету Қазақстанда да, Еуропалық Одақта да декарбонизация процесін жеделдетуге көмектеседі.

«Erasmus+» жобасы студенттерге немесе ғалымдарға Қазақстан мен Еуропада 4800-ден астам стипендия ұсынды.

Сондай-ақ біз адам құқықтары, заң үстемдігі және ізгілікпен басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайттық. Берік өңірлік ықпалдастық орнаттық. Біз қазіргі геосаяси контекстке алаңдап отырмыз және өз аймақтарымыздағы қауіпсіздікті, тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға өзара мүдделіміз. Жақын арада Самарқанда өтетін ЕО-Орталық Азия министрлік кездесуінде өңірлік мәселелерді талқылауға мүмкіндігіміз болады.

- Еуропалық Одақ өзінің «Global Gateway» (Жаһандық қақпа) стратегиясын жасады. Бұл жобаны Қазақстан мен Орталық Азия бағытында іске асырудың негізгі мақсаттары қандай?

- «Global Gateway» дегеніміз – сапалы инфрақұрылымға және ашықтыққа, ережелерге негізделген және адамға басымдық берілетін ортаға салынған инвестиция.

Орталық Азия – Еуразияның жүрегі, ол Еуропа мен Азияны, Шығыс пен Батысты байланыстырады және сонымен бірге, әлемнің аса маңызды аймағы.

Қазақстан және басқа да орталықазиялық әріптестерде жасыл энергетика мен өз экономикасын әртараптандыру саласында зор әлеует бар, бұл ретте заманауи технологиялар мен еуропалық стандарттарды пайдалана отырып, өз елдерінде барынша көп қосымша құн өндіруге тырысады.

Бұл балама қосылу маршруттарын да қажет етеді. «Global Gateway» бастамасы аясында ЕО Еуропа қайта құру және даму банкіне (ЕҚДБ) кеңейтілген Трансеуропалық көлік желісін және Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азияның бес елін байланыстыратын тұрақты көлік дәліздеріне зерттеу жүргізуді тапсырды. Біз 18 қарашада Самарқанда өтетін ЕО-Орталық Азия өзара сабақтастық конференциясында нұсқаларды талқылай аламыз.

Сонымен қатар ең соңғысы және маңыздысы: «цифрлық өзара сабақтастық». Осылайша, конференцияда Еуропалық Одақ су, энергетика, климаттың өзгеруі және цифрлық өзара байланысқа арналған «Team Europe» және «Global Gateway» атты қос флагмандық бастамасын ұсынады.

- 2019 жылы Еуропалық Одақ Орталық Азияға қатысты өзінің жаңа стратегиясын қабылдаған болатын. Орталық Азия елдері көшбасшыларының Еуропалық Кеңес басшысымен кездесетінін білеміз, осы тұрғыдан алғанда Еуропа біздің өңірмен қарым-қатынасының маңыздылығын қалай бағалап отыр?

- Қазіргі уақыттағы ЕО мен Орталық Азия ынтымақтастығының перспективаларын қарастыра отырып, біз жұмыс істейтін халықаралық геосаяси контекст, атап айтқанда, Ресейдің Украинаға заңсыз басып кіруінен кейін шиеленісе түскенін мойындауымыз керек.

Осындай күрделі контексте біздің серіктестігіміз барлығымыздың алдымызда тұрған жаһандық мәселелерді шешу үшін өте маңызды. ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиясының мақсаттары: тұрақтылыққа, өркендеуге және аймақтық ынтымақтастыққа ықпал ету бұрынғыдан да өзекті бола түсті.

Біз осы басымдықтар бойынша ЕО-ның Орталық Азиямен ынтымақтастығын құрдық. ЕО сенімді және болжамды серіктес ретінде ұзақ мерзімді перспективада Орталық Азиямен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі.

Ынтымақтастық – Еуропалық Одақ құрылған сәттен бері оның негізі болып келеді. Бұл біздің қазіргідей күйге жетіп, қалыптасуымызға көмектесті.

Біз өңірлік ынтымақтастық арқылы Орталық Азияның күштірек және тұрақтырақ боларына шын жүректен сенімдіміз. Жыл сайын өткізетін кездесулеріміз аймақта өте маңызды деп санаймын.

Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель де жақында өңірмен байланыстарымызды нығайту үшін Қазақстанға келді.

Ресейдің Украинаға қарсы заңсыз әскери агрессиясынан кейін БҰҰ Жарғысына және оның негізгі принциптеріне, соның ішінде егемендік пен аумақтық тұтастыққа адал болып қалатын елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту одан сайын маңызды бола түсті.

Біз бәріміз Еуропа құрлығында бейбітшіліктің қайта орнауын тілейміз. Біздің елдеріміз бейбітшілік пен дамуды қолдап, қамтамасыз ету үшін бір-біріне, өзара қолдауға, нарықтарға, саудаға, байланыстарға мұқтаж, осы бастамада ЕО мен Орталық Азияны әлеуетті серіктес ретінде қарастырамын.

- Боррель мырза, Қазақстанға сапар барысында қандай жетістіктерге қол жететініне үмітартасыз?

- Биыл Қазақстан, Еуропалық Одақ және бүкіл әлем үшін күрделі жыл болды.

Менің сапарым – ЕО-ның Қазақстанға бағалы серіктес ретіндегі ниетін уақытылы дәлелдеу мүмкіндігі.

Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды ашық, инклюзивті және демократиялық етуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар бағдарламасын қолдаймыз.

Қазақстанға тілегім – маусым айында референдумда мақұлданған осы реформаларды батыл және табанды түрде жүргізіп, одан әрі демократиялық реформаларды жалғастыра беруі.

Алдағы президенттік сайлауды бақылауға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ шақырылғанына да қуаныштымын. Бұл сайлау – Қазақстан үшін басқарудың жаңа моделіне көшуге ерік-жігер көрсететін маңызды мүмкіндік. Оған қоса, Қазақстанды биылғы қаңтар айындағы қайғылы оқиғаларға тәуелсіз және ашық тергеу жүргізуге шақыруды жалғастырамын.

Қазақстан тарихтың бұл парағын жабуы үшін әділдік пен есеп беруге міндеттілік болуы қажет. Өңірлік деңгейде біз Самарқанда өтетін ЕО-Орталық Азия өзара байланыс туралы конференциясын және екі тараптың ынтымақтастықты нығайтуға, жасыл энергетика мен тұрақты байланысты дамытуды қолдайтынын асыға күтудеміз.

Египетте өткен Климаттық конференцияның қорытындылары бойынша кезекті қызмет аясында біз климаттың өзгеруімен бірлесіп күресу үшін тұрақты энергетика саласындағы, оның ішінде метан шығарындыларын азайту жөніндегі ынтымақтастығымызды нығайтуға үміттенеміз.

- Самарқандағы ЕО мен Орталық Азияның өзара байланыс жөніндегі конференцияның негізгі мақсаттары қандай деп ойлайсыз?

- ЕО - Орталық Азия өзара байланысы жөніндегі конференцияның мақсаты қатысушылардың Орталық Азия елдері арасындағы, ЕО мен Орталық Азия арасындағы орнықты байланыстарға қосқан үлесі туралы бірлескен пайымды әзірлеу болып отыр.

Самарқанд конференциясы бізге көміртексіз, жасыл экономикаға көшуді қолдап, өркендеу мен жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін тұрақты байланысты қамтамасыз ету үшін бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет.


Соңғы жаңалықтар