ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуына қолдау жасалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Университеттерде студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 100-ден аса карьералық орталық құрылып жатыр. Бұл туралы Сенаттағы жастарды қолдау тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл пилот ретінде Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында «Zhas project» жобасы аясында әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын 1000 жас азаматқа өз ісін ашу үшін 1 млн теңгеден грант беріледі. Бұдан бөлек, жастарды жұмыспен қамтудың жаңа бағыттарының бірі - креативті индустрияны дамыту. Сондықтан, Халықтың табысын арттыру бағдарламасында осы саланы дамытуға ерекше екпін қойылып отыр. Талантымен ауқымды жобаларды сәтті іске асырған жастарымыз бар. Осындай жастардың айналасында креативті индустрияны дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет», - деді Е. Тоғжанов.

Оның айтуынша, бүгінде жастар жұмысқа орналасу кезінде тәжірибесі және таңдаған мамандығына сұраныстың аздығынан қиындықтар тап болып отыр.

Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес жастарды экономикаға нақты қажетті мамандықтарға бағыттау бойынша шаралар қабылданып жатыр.

«Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбектің жетекшілігімен Павлодар облысында Жаңа кәсіптер атласы тәжірибеден өтті. Осы тәжірибенің негізінде кадрларға сұраныстың өңірлік карталары әзірленіп, қолданысқа енгізіледі. Колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға арналған 100 шағын кәсіпорын құру іске асырылады. 410 колледжге қамқорлықты жүзеге асыру бойынша 500-ге жуық кәсіпорынмен келісімдерге қол қойылды. Университеттерде студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 100-ден аса карьералық орталық құрылып жатыр. Жоғары оқу орындарына түлектерге диплом беріп қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуына көмектесу, сүйемелдеу міндеті жүктеліп отыр. Мұның барлығы жастардың мамандықты дұрыс таңдап, нарыққа қажетті біліктілік пен шеберлікке үйреніп, өмірде өзінің лайықты орнын табуына ықпал етері сөзсіз», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы М. Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ екенін айтты.

Сенатор Нұртөре Жүсіп елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, бір емес, қолдарында бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отырғанын жеткізді .


Соңғы жаңалықтар