ЖОО оқытушыларына еркіндік беретін жаңа мемлекеттік білім стандарты әзірленді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жоғары оқу орындары оқытушыларына көбірек еркіндік беретін жаңа мемлекеттік білім стандарты әзірленді. Бұл жайында Білім және ғылым министрі кезіндегі қызметі туралы есеп берген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Академиялық еркіндік білім сапасының қозғаушы күші екенін әрдайым айтып келемін. Соңғы үш жыл ішінде бұл бағыт бойынша да біраз жұмыс атқарылды. Университеттер өздерінің білім бағдарламаларын әзірлеу үшін бірқатар құзыретке ие болды. IT, журналистика және тағы басқа тез дамып келе жатқан мамандықтарға көбірек академиялық еркіндік бердік. Тәжірибешіл мамандар мен толық емес жұмыс күнімен жұмыс істейтін қызметкерлерді тартуға мүмкіндік беру үшін ғылыми дәрежелердің міндетті болуына және оқытушылардың штат санына қойылатын талаптарды қысқарттық, университеттердің кемінде 3 корпусының немесе мың студент контингентінің болуы сияқты көрсеткіштерді алып тастадық», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Сонымен қатар министр ЖОО-ларды тексеру шараларының көрсеткіштері 2 есеге дейін төмендегенін атап өтеді.

«Университеттерге, дәлірек айтқанда, оқытушыларға көбірек еркіндік беретін жаңа мемлекеттік білім стандарты әзірленді. Бұл әрбір оқытушыға студенттердің болашақта еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына көмектесетін білім беру мазмұнын жасауға мүмкіндік береді», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар