ЖОО оқу бағдарламасына онлайн сауда курсы енгізілуі мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасына онлайн сауда курсын енгізу жағы қаралып жатыр. Аталған деректі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде онлайн сауданы ілгерілету және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда әріптестік бағытта жұмыс істеуге дайынбыз. Өз кезегімізде оқу, біліктілікті арттыру жағынан қол ұшын соза аламыз. Өткен жылы бізде өте жақсы бастама қолға алынды – онлайн сауда бойынша курс әзірлеп, кейін оны университеттердің оқу бағдарламасына енгізу. Бұған дейін айтқанымдай, сауда саласы күн санап дамып келеді. Қазір түрлі сауда алаңдары мен онлайн сауда қызметтері бар. Керек дүниені үйде отырып-ақ сатып алуға болады», - деді Саясат Нұрбек елордада өткен электрондық коммерция мектебінің жұмыс қорытындысына арналған шара барысында.

Министрдің болжамынша, болашақта сауда жасауға бір жерге барудың қажеті болмауы да мүмкін.

Жоғары білім саласындағы тағы бір жаңашылдық – университеттер қабырғасында студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру және интернет алаяқтықтан сақ болуға үйрететін курстар пайда болады. Министр қаржылық сауаттылықтың таяздығы кей кезде қайғылы жағдайға душар ететініне де тоқталып өтті.

«Өкінішке қарай, құмар және онлайн ойындарға үйір, ұтыс тігетін және онлайн кредит алатын азаматтардың саны азаймай тұр. Әсіресе, жастар арасында. Кейбір жағдайда қаржылық сауаттылығы таяз азаматтар аталған ұйымдардың алдауына түсіп қалып жатады. Нәтижесінде тығырықтан шығу жолын таппаған жастар суицидке қадам басады», - дейді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар