ЖОО-ға заңсыз түсу әдістері: Министрлік өз ұстанымын білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетов «университетке тест тапсырмай-ақ түсуге болады» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Ақмола облыстық департаменті қабылдау комиссияларын жасырын аралап, жоғары оқу орындарына заңсыз түсу әдістерін анықтаған болатын. Оған сәйкес, 11-сыныптан кейін бакалавриатқа кешенді тестті тапсырмай-ақ түсуге болады. Ол үшін шығармашылық мамандыққа түсу керек. Одан ары қарай кез келген мамандыққа ауысуға болады.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетов аталған ақпаратты жоқа шығарды. «Қазақстандағы жоғары оқу орындарға ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы түсуге болады. Ол - бір. Екіншіден, кешенді тест бар. Иә, кейбір мамандықтар бойынша шығармашылық емтиxан тапсыру қажет. Дегенмен, соның өзінде адамдар екі пән бойынша міндетті түрде кешенді тесттен өтуі тиіс. Мәселен, денешынықтыру, алғашқы әскери дайындық немесе басқа да шығармашылық мамандық болса, олар екі тест және екі шығармашылық емтиxан тапсырады. Соның қорытындысы бойынша университетке түседі. Сондықтан бізде жоғары оқу орнына тест тапсырмай түсу деген мүлдем жоқ», - деді А.Аймағамбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Вице-министр бастауыш сыныптарда жұмыс дәптерін сатып алуға қатысты түсінік де берді.

 

Фото: kyzylorda-news.kz

Соңғы жаңалықтар