ЖОО-да ақылы оқимын деген түлектер тамызда өтетін ҰБТ-ға қатыса алады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы тамыз айындағы ҰБТ-ға тіркелу app.testcenter.kz сайтында 25-30 шілде аралығында жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10-13 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық тестілеу орталығы бұл ҰБТ-ға кімдер қатыса алатынын жариялады.

Олар:

- өз қалауымен ЖОО-да ақылы негізде оқығысы келетін орта білім ұйымдарының биылғы бітірушілері;

- ЖОО-да ақылы оқығысы келетін орта білім ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім ұйымдарының бітірушілері;

- ЖОО-да ақылы негізде оқимын дейтін шетелде білім алған Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ адамдар;

- ЖОО-ға күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылданатын ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижесі жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижесі бар тұлғалар;

- ЖОО-ға ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдіргендер;

- ЖОО-ға ақылы негізде басқа білім бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және «педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша білім бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдіргендер.

Тестілеуге қатысу құны – 4 230 теңге.

Тестіленушілер ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеу өтетін ОРЫНДЫ, КҮНДІ және УАҚЫТТЫ өз еркімен таңдайды.

Негізгі ҰБТ-ға қатысқан тест тапсырушылар тамыз айындағы ҰБТ-да басқа бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады.


Соңғы жаңалықтар