ЖОО басшылығы студенттердің бейбіт митингке қатысуына тыйым салуы мүмкін бе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Колледж және ЖОО басшылығы студенттерге бейбіт шеру, ереуілдерге қатысуға тыйым салуы мүмкін бе? Бұл сұраққа ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шындығын айтқанда, студенттерге тыйым салу туралы бізде ешқандай ақпарат жоқ. Жоғары оқу орындары ондай жұмыс жүргізген емес. Университет басшылығы тарапынан студенттерге қысым көрсету туралы факті болған емес. Тағы қайталап айтқым келеді, елде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде студенттер каникулда болды. Жатақханаларда аз ғана студенттер қалды. Оның өзі шетел студенттері. Егер нақты жағдай орын алған болса, біз оны тексереміз», - деді Әділет Тойбаев ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жоғары оқу орындарында студенттердің бейбіт шеруге қатысуға тыйым салуға қатысты ешқандай шара өткен жоқ.

Бұған дейін департамент басшысы студенттер елдегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ма деген сауалға жауап берген еді.

Одан бөлек, Ә. Тойбаев елімізде эпиджағдайдың күрделене түсуіне байланысты ЖОО жұмысын ұйымдастыру туралы министрлік ұсынымын алға тартты.


Соңғы жаңалықтар