Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы 200 мың гектарға кеңеймек. Қазірдің өзінде парк 360 мың гектарға жуық, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Он жыл бұрын ашылған ұлттық паркте қазір сүтқоректілердің - 49, құстың 170 түрі анықталған. 7 сүтқоректі жануар Қазақстанның қызыл кітабына енген. Олардың қатарында қар барысы, Тянь-шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні бар. Парк қызметкерлері жуырда қар барысын кіші Басқан өзені ағатын шатқалдың төменгі жағынан көріп қалған. Осы кіші Басқан кардонының инспекторы Кәрім Сәтбаевтың айтуынша, түз тағыларын тек фототұзақтан ғана емес, өз көзімен де жиі бақылайтын болып жүр.

«Сүтқоректілер бағыты бойынша тек қана барыс, түркістан сілеусіні ғана емес, марал, елік, Тянь-шань қоңыр аюы, тас сусары, тауешкілердің қаншама фототұзаққа түскен сәттері бар. Олардың барлығы ғылыми-ақпарат мониторинг бөлімі үшін ғана емес, Жоңғар Алатуы үшін үлкен жетістік болып саналады»,- дейді фототұзақтарды құратын парктің ғылыми қызметкері Жанарбек Молдахан.

Биыл парк қызметкерлері туристік бағыттар санын 13-ке жеткізген. Олардың ішіндегі ең танымалы Жасылкөл мен Шумский шыңы. Сондай-ақ жаңадан «Ат тапқан» және «Жамантас» деген бағыттар ашылды.

Парк басшысы Марат Қабиевтың айтуынша, болашақта ерекше қорғалатын аумақ 200 мың гектарға дейін кеңейеді. Бұл өз кезегінде паркті мекендейтін құстар мен жануарлар қорын еселеп, ондағы өсімдіктер әлемін сақтап қалуға мүмкіндік бермек.




Фото: kazakhstan.travel


Соңғы жаңалықтар