«Жомарт жүрек-2018» сыйлығының лауреаттары марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Жомарт жүрек-2018» сыйлығының лауреаттары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетаудағы Достық үйінде ұйымдастырылған шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы азаматтар мен бизнесмендердің бірлесіп жергілікті жердегі мəселені шешу, жалпыұлттық патриотизмді нығайту бағытында маңызды», - деді аймақ басшысының орынбасары.


Шарада айтылғандай аталмыш бағдарлама шеңберінде ақмолалықтар тарапынан көп игі істерге қол жеткізілді. Жалпы, облыс бойынша соңғы екі жылдың ішінде білім, денсаулық, мəдениет жəне тұрғын үй-коммуналдық салада құны 5,3 миллиард теңгеден астам əлеуметтік маңыздағы 96 жоба жүзеге асырылды.  Бір ғана Целиноград ауданында құны 500 миллион теңгеден астам 9 жоба іске қосылды.

Салтанатты шарада «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары түрлі аталымдар бойынша марапатталды.



Оның ішінде «Жыл меценаты» аталымы бойынша Сандықтау ауданының «Свободный» серіктестігінің директоры Александр Закусилов, Есіл ауданы «Заречный» серіктестігінің директоры Уәлихан Әріпов марапатталса, «Туған өлке» аталымы бойынша Қорғалжын ауданынан «Түсіпбеков» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Құралай Түсіпбекова, «Группа компаний...» серіктестігі директорлар кеңесінің жетекшісі Ардақ Балтабеков, Целиноград ауданы «Көкше Жемчуг» серіктестігінен Қанат Жакенов, Целиноград ауданынан Бауыржан Исабаев пен «Сандықтау» серіктестігінің директоры Жамул Мусханов үздік танылды.



Сонымен қатар, өзге де жеңімпаз меценаттар түрлі аталымдар бойынша сыйлықтарға ие болды.

«Жылдың үздік ұйымы» аталымына «Болашақ» мүгедектер қоғамдық ұйымының жетекшісі Амангелді Қапанов лайық деп танылды.

Целиноград, Сандықтау ауданының әкімдіктері «Туған жер» бағдарламасы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.

Шара барысында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ринат Галлямов та жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен  марапаттады.


Соңғы жаңалықтар