Жолға шыққанда қандай дәрі-дәрмекті ала жүру керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мейлі шетелге болсын, мейлі ел ішіндегі демалыс базаларына шығар алдында әрбір отбасы жол сөмкесіне дәрі қобдишасын алып жүруі керек. Ол қобдишада ең кем дегенде бес препарат болуы тиіс. Білікті педиатр осындай кеңес айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылдар балалардың денсаулығын жіті бақылап жүрген маман ретінде, өз балаларының анасы ретінде қалалық №8 емхананың педиатры Зәуре Ахметжанова ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керектігін айтады. Сондықтан, ең алдымен маманның берген кеңесі - кез келген аурудың алдын алу.

Бұл дегеніңіз - балаңыздың әрдайым - бассейннен кейін немесе жағадан келген кезде, қыдырып оралған уақытта, ең бастысы тамақ алдында беті-қолын жуғанына көз жеткізуіңіз керек. Айтпақшы, баланың күнделікті тұтынатын тағамына сыртта жүрген кезде басқа тамақтардың араластыруға асықпаған абзал. Бұл кезде ағзаның реакциясы демалысыңызды әуреге айналдыруы әбден мүмкін.

«Сусынға келген кезде де бұрын ішпегендерін беруге болмайды. Әлбетте, бөтелкедегі ғана суды тұтынғаны дұрыс», - деген педиатр үйден шыққан кезде отбасының барлық мүшесі басына жазғы бас киімді киіп шығуы керектігін ескертеді.

Осы жайды сөз ете келе маман демалысқа шыққан кезде алып жүруіңіз тиіс дәрі-дәрмектердің түрін атады. Ең алдымен - ыстықты түсіретін дәрілер керек. Қазақстандық дәрігерлер бұл ретте көбінесе парацетамолды қолданады. Алайда ғылыми дәлелді базаға сәйкес, парацетамолды Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасы бойынша қолдануға кеңес беріледі. Ыстықты түсіретін ибуфен де бар. Бірақ, аталған екі дәрі болмаса да, ыстық түсіретін препараттарды өзіңізбен бірге алып жүрген жөн.

Екінші - пробиотиктер. Жаңа орынға барсаңыз, әлбетте ол жақтың тағамы да, суы да, тіпті ауасы да бөлек болады. Жаңа тағамдарға келгенде ішектеріңіз ауырып қалуы мүмкін болғандықтан, пробиотиктерді алып жүру керек.

Үшіншіден, - аллергияға қарсы дәрі-дәрмектер. Барған жеріңізде күн ыстық болса немесе өмірі көрмеген жәндіктерді шағып алса, аллергияны елемей жүре алмайсыз.

Төртінші - уланып қалу қаупі болатындықтан, белсендірілген көмірді де алып жүру қажет. Қара таблеткаларды балалардың бәрі де тұтынуға қарсы болар. Бәлкім, оларға қара дәріден гөрі «полисорб» атты дәрі сай келуі мүмкін. Препарат әрі арзан, әрі ағзаға еніп кеткен токсиндерді оңай шығарады.

Бесіншісі - тыныштандыратын дәрілерді де алып жүріңіз. Мәселен, сізді барған жеріңізде жәндік шағып алатын болса, денеңіз қышып мазаңыз кетуі ықтимал. Осы себепті өзіңізбен бірге май немесе гельді алып жүріңіз.

Сонымен бірге, педиатр жолға шыққанда йод, бинт, жабыстырғыш та керек болуы мүмкін екенін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар